Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек нарығын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыссыздық 4,6% деңгейінде сақталып отыр. Жұмыспен қамтылғандар қатары жалдамалы жұмыскерлер есебінен өсіп отыр, олардың саны 7,1 миллион адамға жетті, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны – 2,1 млн адам. Бұл туралы жиында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов хабарлады.
«Ағымдағы трендтер қатарында негізгі үш бағытты ерекшелеп айтуға болады. Олар, біріншіден – цифрландыру мен автоматтандыру. Қазіргі мамандықтардың көбісі цифрлық дағдыларды талап етеді. Екіншіден – платформалы жұмыспен қамту және электрондық сауда. Адамдардың көбісі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді, фриланспен, электрондық саудамен және т.б. айналысады. Үшіншіден –, елімізде халықтың саны өсуде, соның нәтижесінде жыл сайын еңбек нарығына келіп жатқан жастардың қатары артуда. Болжам бойынша 2035 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына 360 мың адамға дейін өсуі мүмкін. Бұл еңбек нарығына қосымша салмақ түсіреді. Біз икемді және заманауи еңбек нарығын құру үшін қазірден бастап бұл трендтерді ескеруіміз керек», — деді ол.
Өз сөзінде вице-министр бұл бағыттағы жұмыстарда қандай қиындықтармен кездесуде екеніне тоқталды. Айтуынша, жұмыспен қамту құрылымы әрдайым экономиканың сұраныстарына сәйкес келе бермейді. Өзектілігін жоғалтып бара жатқан кәсіптер бар. Еңбек нарығында сұранысқа ие тиісті дағдылары бар кадрлар жетіспейді. Жалақының жеткілікті деңгейде бәсекеге қабілетсіздігі қосымша сын-қатерге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, өңірлік теңгерімсіздік бар: оңтүстікте еңбек ресурстары шамадан тыс көп болса, солтүстікте олар жетіспейді. Ірі мегаполистерде ішкі көші-қонның жоғары деңгейіне байланысты еңбек нарығының асыра толығуы тіркелуде, бұл әлеуметтік, тұрғын үй-коммунальдық және көлік инфрақұрылымдарына едәуір жүктеме түсіруде. Бұл ретте, эномикалары көп салаланбаған өңірлер бар, солардың салдарынан азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктері шектелуде.
«Сондай-ақ, тағы бір сын-тегеуірін көлеңкелі экономика болып отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған халықтың 30%-ға жуығы зейнетақы жүйесіне қатыспаған. Жекелеген секторларда еңбек нормативтерінің болмауы да көлеңкелі жұмыспен қамтудың сақталуына ықпал етуде. Не істеу қажет? Біз жұмыс орындарын құрып қою жеткіліксіз екенін түсінеміз. Олар лайықты еңбекақысы бар, еңбек жағдайлары қауіпсіз және әлеуметтік кепілдіктері сақталған сапалы болуға тиіс. Сонымен қатар, ішкі еңбек ұтқырлығын дамыту маңызды – бұл адамдарға жұмыс күші жеткіліксіз жерлерге көшуге көмектеседі. Осы бағытта қазірдің өзінде жүйелі жұмыстар жүргізілуде: оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге еңбек көші-қондарын ынталандыру жөнінде шаралар кеңейтілуде. Бұдан бөлек, түлектер диплом ғана алсам болды демей, еңбек нарығының талаптарына сай мамандықтар алулары қажет. Осы орайда 2025 жыл Мемлекет басшысының жарлығымен «Жұмысшы мамандықтары жылы» боп жарияланғанын атай өткен жөн. Осы мақсатта министрлік бірқатар шаралар атқарып келеді. Соның бірі 100 мың оқушыны қамтитын «Мансап» конкурстық платформасында кәсіптік бағдар беру. Ол түлектердің еңбек нарығына сай мамандықтар алуы үшін үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ, ашықтықты арттыру және көлеңкелі жұмыспен қамту деңгейін төмендету мақсатында электрондық еңбек шарттарын және электрондық штаттық кестені енгізуді көздейтін шаралар іске асырылуда», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Қазақстан экономикасына орта мерзімді кезеңге 3 миллион адамға жуық кадр қажет болуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бүгінгі таңда бұл кадрларға деген сұраныс құрылымы анықталып қойған. Олардың үштен бірін қызмет саласы алып отыр. Одан кейін тасымалдау мен тауарларды бөлу, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс тұр. Бұл деректерді кәсіптік стандарттарды бекіту, білім беру бағдарламаларын қалыптастыру, оқуға білім беру тапсырыстарын бөлу және қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру кезінде ескеру қажет. Ол цифрландыру және демографиялық өзгерістер кезінде ерекше маңызды. Бір мезетте цифрландырудың және технологиялық өзгерістердің салдарынан жаңа кәсіптер пайда болуда. Мәселен, әлеуметті тьютор, дрондар операторы, жасанды интеллект маманы және тағы басқалар.
«2024 жылдан бастап Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асырылуда. Нысаналы бағдар – 3,8 млн сапалы жұмыс орны. Айқындалған өлшемшарттарға сәйкестікті көздейтін сапалы жұмыс орындарын есепке алу жүйесі енгізілді. Олар – медиандық жалақыдан жоғары жалақыны қамтамасыз ету, 6 айдан астам мерзімге жұмысқа орналастыру, әлеуметтік кепілдіктермен және қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету. Бүгінгі күні сапалы жұмыс орындарының саны 2,6 млн жұмыс орнына жетті. Біздің алдымызда 2029 жылға дейін 3,3 миллион азаматты жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 38%-ы жастар, яғни 95,4 мың адам. Жыл басынан бері 196 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды. Қазіргі таңда субсидияланатын жұмыс орындарын жүзеге асыру тәртібіне, сондай-ақ гранттар беру қағидаларына өзгерістер енгізілуде», — деді вице-министр.
Қазақстанда кәсіби білім беру бағдарламасы қайта қаралуда. Бүгінгі күні еңбек нарығында 7 800-ден астам мамандық сұранысқа ие. Олардың ішінде 4500-ге жуығы кәсіптік стандарттармен қамтамсыз етілген. Білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына жақындату үшін қазір білім беру бағдарламаларын кәсіптік стандарттарға теңестіру жүргізілуде. Бүгінде олардың негізінде 11 мың білім беру бағдарламасы жаңартылды. Бұдан бөлек, дағдылардың цифрлық банкі іске қосылуда. Келесі қадам – кәсіптік стандартты әзірлеу процесстеріне жасанды интелектіні ендіру. Бұл еңбек нарығындағы өзгерістерді жедел талдауға, күнделікті процесстерді азайтуға және нақты уақыт режиімінде стандарттарды уақтылы жаңартуға мүмкіндік береді.
«Бүгінде «Жобалардың инновациялық навигаторы» цифрлық платформасында 1 415 ірі инвестициялық жобаның мониторингі жүргізіледі, осы жобалардың шеңберінде 222 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде 1 141 жоба іске асырылу сатысында болса, 274 жобаны іске асыру аяқталды, 33 мың жұмыс орны ашылды. 51 жоба бойынша проблемалық мәселелер тіркелді. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдармен, өңірлермен, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-мен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Барлық жобаны қамту үшін салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер мемлекеттік жоспарлау жүйесінің ақпараттық жүйесіне 3 жылдық бюджетте көзделген барлық жобалар бойынша деректерді енгізуді аяқтау қажет. Жалпы алғанда, платформа жаңа жұмыс орындарын ашу бөлігінде барлық жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жүргізудің негізгі құралына айналуы тиіс», — деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіптік бағдарлау, дағдыларды дамыту және кадрлар даярлау саласында жаңа цифрлық платформаларды іске қосты. Мәселен, «Мансап компасы» цифрлық сервисі пайдаланушыларға кәсіп таңдауға және мансабын жоспарлауға көмектеседі. Skills Enbek онлайн плафтормасы дағдыларды дамытуға және мамандарды қайта даярлауға бағдарланған. Enbek.kz порталында студенттік практиканы ұйымдастырудың цифрлық функционалы іске қосылған.
«Министрліктің маңызды міндеттерінің бірі –- еңбек нарығында сұраныс пен ұсынысты тиімді бағалау үшін цифрлық құралдарды дамыту. Бұл бағытта азаматтар мен бизнес үшін көптеген сервистерді қамтитын әлеуметтік-еңбек саласының кешенді экожүйесі қалыптастырылды. Бүгінде біз ең озық технологияларды қолдануды қарастырудамыз – оның бірі жұмысқа орналастыру жөніндегі жасанды интелект. Екі негзгі құралды - Отбасының цифрлық картасы мен Кәсіпорынның цифрлық картасын синергиялау бізге адами фактордың қатысуынсыз өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің цифрлық өнімдеріміз қажеттіліктерді анықтап, пайдаланушыларға олардың жеке профилі мен нарықтық трендтердің негізінде лайықты жұмысты немесе оқу курсын автоматты түрде таңдап ұсынады. Министрлік Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмаларын уақтылы әрі сапалы орындау үшін толыққанды жұмыстарды жүргізе беретін болады», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.