Қазақстандағы еңбек нарығының дамуы мен цифрлануы

1969
Фотосурет: Gov

Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов Қазақстандағы еңбек нарығын дамыту және цифрландыру туралы айтты. Ол Қазақстандағы жұмыссыздық 4,6 пайызды құрайтын тарихи төмен деңгейде қалып отырғанын атап өтті. Вице-министр өз баяндамасында еңбек нарығындағы негізгі тенденцияларды айтып, оны дамытуда қолданылатын тәсілдер туралы хабардар етті, деп хабарлайды DKnews.kz.

«Біріншіден, бұл цифрландыру және автоматтандыру. Барған сайын көп мамандықтар цифрлық дағдыларды қажет етеді. Екіншіден, платформалық жұмыспен қамту және электронды коммерция. Үшіншіден, біздің халықымыздың саны артып, соның нәтижесінде жыл сайын жастар ағыны да өсіп келеді. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш жылына 360 мың адамға дейін өседі. Әрине ол еңбек нарығына қосымша салмақ түсіреді», – деді вице-министр.

Тағы бір қиындық – көлеңкелі экономика. 2024 жылдың көрсеткіші бойынша жұмыспен қамтылған халықтың 30%-ға жуығы зейнетақы жүйесіне қатыспайды. Жекелеген салаларда еңбек нормаларының болмауы да жұмыспен қамтудың көлеңкелі формасының сақталуына ықпал етеді.

«Орта мерзімді кезеңде кадрларға болжамды қажеттілік 3 миллионға жуық адамды құрайды. Сұраныстың салалық құрылымы күш-жігерді қайда бағыттау керектігін көрсетеді. Мемлекеттік қызметтер бірінші орында – мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру. Бұл салалар жұмыс күшіне жалпы сұраныстың 29%-ын құрайды, одан кейін кәсіпкерлік қызмет (21%), көлік және логистика (16%), өнеркәсіп (13%), құрылыс және ауыл шаруашылығы – әр салаға 7%-дан келеді», – деді Асқар Биахметов.

Бұл деректер кәсіптік стандарттарды бекіту, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, оқытуға мемлекеттік тапсырыстарды бөлу, мамандарды қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру кезінде ескерілуі тиіс. Бұл әсіресе цифрландыру және демографиялық өзгерістер аясында маңызды.

«2024 жылдан бастап еңбек нарығын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Белгілі бір критерийлерге сәйкес келетін жоғары сапалы жұмыс орындарын есепке алу жүйесі енгізілді. Бүгінгі таңда мұндай жұмыс орындарының саны 2,6 миллион көрсеткішті құрайды.

Біздің міндетіміз – 2030 жылға қарай 3,3 миллион адамды жұмыспен қамту. Биылғы жылдың басынан бері 250 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды», – деп толықтырды вице-министр.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 2025 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша 196,8 мың азамат тартылды: 48,1 мың адам үшін Кәсіптік оқытудың қысқа мерзімді курстары ұйымдастырылды, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 30,8 мың адам қамтылды, субсидияланатын жұмыс орындарына 113,7 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 4,2 мыңнан астам адам грант алды.

«Бүгінде біз кәсіби кадрларды даярлауға жүйелі түрде келу үшін Ұлттық біліктілік жүйесін белсенді түрде дамытудамыз. Бұл еңбек нарығының тез өзгеретін талаптарына сәйкес маңызды рөл атқарады.

Бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие 7800-ден астам мамандық бар. Оның 4500-ге жуығы кәсіби стандарттармен қамтылса, 864-і әзірленді», – деп толықтырды Асқар Биахметов.

Сонымен қатар, Цифрлық дағдылар банкі іске асырылуда. Келесі қадам – кәсіби стандарттарды әзірлеу процесіне жасанды интеллект енгізу болады. Бұл еңбек нарығындағы өзгерістерді жедел талдауға, күнделікті процестерді барынша азайтуға және нақты уақыт режимінде стандарттарды уақтылы жаңартуға мүмкіндік береді.

Вице-министр бұдан кейін жұмыспен қамту саласында жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобаларға кеңінен тоқталды.

Еңбек министрлігі кадрлар қажеттілігін талдауға және болжауға, сондай-ақ іске асырылып жатқан барлық жобалардың тиімділігін бақылауға мүмкіндік беретін «Инновациялық жобалар навигаторы» платформасын құрды.

«Бүгінгі таңда жүйе 2030 жылға қарай 222,4 мың жұмыс орнын құру жоспарымен 1 415 инвестициялық жобаны бақылайды. Оның ішінде 1 141 жоба жүзеге асырылуда, 274 жоба аяқталды, 33 мың жұмыс орны ашылды», – деп қосты Биахметов.

Мектеп оқушыларына болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік беретін «Мансап компасы» платформасы енгізілді. Платформада қазірдің өзінде сұранысқа ие 744 мамандық туралы ақпарат жинақталған.

Skills Enbek онлайн платформасы мамандардың біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға бағытталған. Қазіргі уақытта платформа 1 301 курсты ұсынады, оның ішінде 340-ы тегін. 811 мыңнан астам қолданушы тіркелген.

Enbek.kz порталы студенттер, білім орындары және жұмыс берушілер арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз ететін студенттердің өндірістік практикасын ұйымдастыру функционалдығын жүзеге асырады.

«Еңбек нарығының одан әрі дамуын қамтамасыз ету үшін сапалы жұмыс орындарының санын арттыру, сұраныс пен ұсынысты тиімді болжау, экономиканы білікті кадрлармен қамтамасыз ету қажет.

Министрлік Мемлекет басшысы мен Үкімет тапсырмаларының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты толықтай жүзеге асыратын болады», – деп түйіндеді сөзін вице-министр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -