Жаңа оқу жылы қарсаңында жарты миллион оқушыға көмек көрсетіледі, деп хабарлайды DKnews.kz.
2025–2026 оқу жылының қарсаңында елімізде «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында оқушыларды мектепке дайындау жұмыстары жүргізілуде. Биыл 500 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілмек.
Қор дәстүрлі түрде жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына көмек береді. Сонымен қатар, өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар да назардан тыс қалмайды.
Көмек ата-аналардың есепшоттарына аударылады, бұл оларға мектеп формасын, аяқ киім және кеңсе тауарларын өздігінен таңдауға мүмкіндік береді. 2025 жылы бір балаға берілетін ең төменгі сома көлемі – 46 228 теңге.
«Оқу-ағарту министрлігі әлеуметтік осал санаттағы балаларға көмек көрсету бойынша ашық әрі ыңғайлы тетік қалыптастырды. Бұл қолдау шарасы бүгінде барлық өңірде іске асырылуда» ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова
«Жалпыға бірдей білім беру» қоры жыл сайын мыңдаған баланың оқу жылына дайындалуына жағдай жасап келеді. Биыл бұл мақсатқа өткен жылғыдай көлемде қаржы қарастырылған.