Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ (ЭКА) 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының нәтижесін жариялады.
Өңдеуші өнеркәсіпке көрсетілетін қолдау көлемі өткен жылғы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есе өсіп, жаңа рекорд орнатылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
бірінші жартыжылдықта ЭКА көрсеткен қолдау көлемі 333,3 миллиард теңге болды. Оның 43 миллиард теңгесі экспорт алдында тартылатын қаржы және саудаға қажет қаржы құралдары арқылы тартылды. Осы ретте салыстыра кететін болсақ, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында көрсетілген қолдау көлемі 157,9 миллиард теңгеден аспаған.
Осы аралықта ЭКА 81 экспорттаушыға қолдау көрсетті, оның 12-сі жаңа клиенттер болып отыр. Бұл компанияның сыртқы нарыққа жаңа компанияларды тарту стратегиясы аясында мүмкін болды. Агенттік шағын және орта бизнеске (ШОБ) ерекше назар аударады: қолдау көрсетілген жобалардың жалпы санының 70 пайызы дәл осы секторға тиесілі.
Экспортқа негізінен азық-түлік, металл өнімдері, химия өнеркәсібі, мұнай өңдеу, агроөнеркәсіптік кешен өнімдері және құрылыс материалдары шығып жатыр. Отандық өнімдерді сатып алып жатқан басты елдер – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей Федерациясы, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Моңғолия, БАӘ және т.б.
Экспорттаушы өңірлер арасында Қарағанды облысы көш бастап тұр. ЭКА-ның жалпы қолдау көрсету көлемінің 52,7 пайызы осы аймақтың еншісіне түсті. Өңір кәсіпорындары 176 миллиард теңге көлемінде қолдау тапты. Одан кейінгі орындарға Абай (50 миллиард теңге) және Шығыс Қазақстан (30 миллиард теңге) облыстары жайғасты.
2025 жылы экспорттаушылар арасында қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру, қарыздарды сақтандыру және экспорттық құжаттамалық аккредитивтерді сақтандыру құралдары мықты сұраныста болды.
ЭКА Басқармасы төрағасының орынбасары Мадина Ержанова Агенттік үшін өңдеу өнеркәсібінің шикізаттық емес салаларында бәсекеге қабілетті өндіріс құру және сыртқы нарықта отандық тауар желісін дамыту басым бағыт болып қала беретінін алға тартты.
«Біз биылғы бірінші жартыжылдықта өткен жылдың нәтижелерін басып озып, тіпті асып түстік. Жыл соңына қарай Агенттіктің қолдау көлемі 600 миллиард теңгеге дейін жетеді деп болжап отырмыз. Біз ұлтттық экономикаға оң әсер беретін серпінді әрі инвестициялық жобаларды іске асыруды арттырамыз» Мадина Ержанова
М. Ержанова сонымен қатар ЭКА стратегиясындағы қайта сақтандыру саласының маңызы өсіп келе жатқанын атап өтті. Биыл қайта сақтандыру көлемі 135 миллиард теңгеден асты. Оның нәтижесінде болуы мүмкіндік сын-қатерлер азайып, қаржы тұрақтылығы қамтамасыз етілді.
Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің қызметі экспортқа несие тарту саласындағы әлемдік трендтерді қадағалауға және қазақстандық компанияларға халықаралық аренада қолдау көрсетудің тиімді құралдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде цифрлы сервистерді дамыту және жаңа өнімдерді енгізу арқылы агенттіктің қызметтеріне қол жеткізу әлдеқайда жеңіл болып отыр. Экспорттаушылар ЭКА ресми сайтында және bgov.kz бизнесті қолдау порталында жеке кабинет арқылы өтініштің кез келген түрін бере алады. Цифрлы жүйе кәсіпкерлерге онлайн өтініш беруге және оны кез келген уақытта қадағалауға мүмкіндік береді.