Қарға тамырлы қазақ халқының шапса тұлпардың, ұшса қыранның қанаты талатын байтақ жері игілікке толы. Бұл рухани мықтылық пен жеті атадан жалғасқан тектіліктің арқасы екені анық. Болашағын ойлаған халық әрдайым ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген. Өйткені тәрбие – еңбексүйгіштікке, еңбексүйгіштік – игілікке, игілік – бақуаттылық пен рухани байлыққа, ал рухани байлық – тектілікке жетелейді. Демек, тәрбиенің түпкі мәні – тектілікке бастау. Еңбекқорлық елжандылықтың бастауы. Мұның бәрі бір күнде жүзеге аспайды. Ұлттық тәрбие атаның қанымен, ананың сүтімен дариды, атадан балаға мирас болып жалғасады. Сондықтан халқымызда ел бастар көсем де, ел қорғар батыр да, асылдың сынығындай мәрт азаматтар да аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – қоғам және мемлекет қайраткері, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің экс-басшысы, генерал Амангелді Смағұлұлы Шабдарбаев.
Бүгінгі кейіпкеріміз – елге етене таныс тұлға. Тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жылдардың басында ол ел аузына іліккен саяси элитаның негізгі ойыншыларының бірі болды. Құрметті еңбек демалысына шыққан соң БАҚ-қа сирек сұхбат бергенімен, көбіне қоғам назарынан тыс өмір сүрді. Ал соңғы екі жылда арнаулы органдардың бұрынғы басшысы бірқатар сенсациялық сұхбаттарымен жұрт назарына қайта іліне бастады. Қалай десек те, құпия қызмет тізгінін ұстаған қайраткердің өмір жолы оқырман қауымды қызықтыратыны анық. Өйткені оның «сыр сандығы» әлі де толық ашылған жоқ, елге берері мол әлеуеті бары даусыз. Жетпістің бесеуіне аяқ басқан сардардың ғұмыр жолына тоқталып өтсек.
Белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасында:
«Бойымда керемет бір жігер оты лапылдап, солай қарай бет алдым. Ай нұрынан орнаған күміс көпір белдеулеп бет алдымда, ауылдың дәл іргесінде өзен жатыр жарқырап. Мөп-мөлдір мына ғажап дүние... “Ұш! Самға!” деп, қолтығымнан қанат бітіретін, арман нысанасына қарай алып ұшатын тәрізді. Лаула! Лаула жігер оты! Самға, қиял құсы! Асығатыным да, аңсайтыным да ертеңгі болашағым», – деп жазғаны бар. Бұл сөздер сол дәуірдегі тұтас бір буынның арман-тілегін бейнелегені анық.
Сол кезеңнің өкілдері бүгінгі балалардай гаджетке телмірмей, әлеуметтік желіні білмей өсті. Олардың киіміне ауылдың шаңы қонғанымен, жүректеріне заман кірбеңі түспеген. Етігіне қара жолдың балшығы жұқса да, көңілдеріне қара ниет дақ салмаған. Олар табиғатынан таза, болмысынан дара еді. Біздің кейіпкеріміз де – осындай қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдың тумасы.
1950 жылы 1 тамызда Алматы облысы Қаскелең ауданының Абай ауылында дүниеге келген Амангелді Смағұлұлы тағдыр жазуымен ерте жастан әкесінен айырылды. Әкесі Смағұл дүниеден өтіп, ол әжесі мен анасының қолында тәрбиеленді. Жетімдіктің кермек дәмін татқанымен, сағы сынбай, мақсатшыл, арманшыл әрі өжет болып өсті. Анасы тынымсыз еңбек етіп, әкесінің жоқтығын білдірмей, балаларына намысшылдық дарытты. Амангелді бала кезінен-ақ жетістікке жетудің жалғыз жолы – еңбек екенін түсінді. Ол үй шаруасына да, мектептегі оқуына да жауапкершілікпен қарады, жаман жолға түспей, спортты серік етті.
Оның сүйіп айналысқан спорты – волейбол еді. Бұл спорт түрінен спорт шебері атанып, «Буревестник» командасының сапында Еуропа кубогын екі рет жеңіп алды. Талантты ойыншы ретінде танылып қана қоймай, Жоғары оқу орнына түсуге жолдама алды. Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтында оқыған жылдары тек спорттағы жетістігімен ғана емес, батылдығы мен білімділігімен де көзге түсті.
Сол кезде арнаулы органдар жас спортшыны назарға алып, қатаң тексеруден соң, 1976 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қабылдады. Жедел уәкіл ретінде еңбек жолын бастаған ол тәжірибелі әріптестерінен үйреніп, кәсіби тұрғыдан шыңдалды. 1981 жылы Мәскеуде арнайы дайындықтан өтіп, КГБ-нің атақты 9-басқармасына жіберілді. Мұнда оған аса жауапты міндет – Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды. Жауапкершілікпен атқарған еңбегі үшін талай мәрте марапатталды. Димаш Ахметұлы Қонаевтың өзі де естеліктерінде оның адалдығын ерекше атап өткен. Желтоқсан оқиғасынан кейін де Қонаевты жалғыз тастамай, ең қиын кезеңде жанынан табылды.
Тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жеке дербес құрылым – Президентті қорғау қызметін құрғанда, бұл іске ұлттық кадрлар қажет болды. Сол кезде адалдығы мен кәсібилігіне сенген басшылық Амангелді Шабдарбаевқа зор сенім артты. Кейін ол осы қызметтің басшысы болып тағайындалып, құрылымды нығайтты. Оның бастамасымен офицерлерге арналған тұрғын үйлер салынып, жас мамандарға жатақхана берілді.
2006 жылы ол ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл кезеңде діни экстремизмге тосқауыл қою, ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықпен күресу, барлау қызметіне қарсы іс-шараларды күшейту сынды жауапты міндеттерді жүзеге асырды. Сонымен қатар, ҰҚК «Ұшқын-Искра» спорт командасын құрып, еліміздің туын әлемдік аренада желбіреткен атақты спортшылардың бастамаларына қолдау көрсетті.
Амангелді Смағұлұлы қызметте адалдығымен, қарамағындағы адамдарға қамқорлығымен ерекшеленді. Бір сұхбатында ол:
«Жақсы басшылық үш негізге сүйенеді: әр қызметкердің болашағын көрсете білу; оған өз күшіне сенім ұялату; жұмыс істеуге жағдай жасау. Осыдан кейін тек бақылау қажет», – деген болатын.
Бала кезінен тағдырдың талай сынын көрсе де, адамдықтан аттамай, Отаны мен халқына адал қызмет етті. Лейтенанттан генерал-лейтенантқа дейін көтерілді. Қазір де зейнет демалысында қол қусырып отырмай, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге атсалысып жүр. Үйінде – аяулы жар, өнегелі әке бола білген елжанды азамат.
Соңғы жылдары әр түрлі қоғамдық-бұқаралық шараларда жолығып қаламыз. Ел алдына шығып, тәлім-тәрбиеге толы, мағыналы пікірлерді айтып жүргенін өз көзіммен көрдім. Өмірлік және қызметтік тәжірибесі тек құзырлы органдарда қызмет атқару жолын таңдаған жастар үшін ғана емес, қандай да бір жетістікке жетемін деген барлық жастар үшін де аса қажет деп ойлаймын.
Ілияс Есенберлин айтқандай, ол – қыран бүркіттей қияға самғаған тұлға.
Елім дейтін ерлеріміз аман болғай!
Сағидолла Сиқымбаев,
ҚР ҰҚК органдарының ардагері, " Қазақстан Республикасы Журналистер одағының " мүшесі, запастағы полковник