Жұмыс сапары аясында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков "Орталық" өңірлік қолбасшылығының 6697 (Қостанай қ.) әскери бөліміне инспекциялық тексеріс жүргізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сапар барысында Бас қолбасшы бөлімнің күнделікті қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетімен танысып, тәртіп ахуалын, техникалық жарақтандыру мен қызметті ұйымдастыру деңгейін тексерді.
Ұландықтарды қажетті инфрақұрылыммен, құнарлы тамақпен және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Әскери бөлім командирі подполковник Епкен Арыстаналиев оқу сыныптарын, казармалық үй-жайларды, медициналық пунктті, асхана және бөлімшенің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басқа да нысандарды көрсетті.
Сапар қорытындысы бойынша генерал-майор Аңсаған Балтабеков жеке құрамға адал қызметі үшін алғыс білдіріп, алға қойылған міндеттерді табысты орындауда сәттілік тіледі және Ұлттық ұлан заңдылықты нығайту, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратынын атап өтті.