Жаңаөзен қаласынан шыққан Тұрмағанбет пен Оразмағанбет есімді егіз бауырлар бүгінде 5548 әскери бөлімінде Отан алдындағы қасиетті борыштарын бірге өтеп жүр. Ұқсастығы тек сырт келбетпен шектелмейтін бұл азаматтар балалық шақтан бастап өмірдің әрбір белесін қатар еңсеріп келеді. Өздері тәрбиеленген отбасында елге, жерге деген құрмет ерекше орын алған.
Алдыңғы буын ағалары да әскерде болып, Отан алдындағы парызын абыроймен өтеген. Ал олардың ізімен ілескен егіздер ер жеткен шағында патриоттық парызын саналы түрде сезініп, әскерге бірге баруды ұйғарып, Жаңаөзен қаласындағы 5548 әскери бөліміне әскер қатарына алынған.
– Біз өмір бойы біргеміз – мектепте де, үйде де, енді міне, әскери сапта да қатар тұрмыз. Әскерге келу – бала кезден армандаған ісіміз еді. Бұл біздің азаматтық міндетіміз ғана емес, жүрек қалауымыз, – дейді бауырлар бірауыздан.
Қазір олар Ұлттық ұлан қатарында алғашқы жауынгерлік дайындықтан өтіп жатыр. Әскери жарғыны меңгеріп, саптық тәртіпке дағдылануда. Командирлерінің айтуынша, егіз сарбаздар тәртіпті, белсенді әрі тез үйренгіш. Бір-бірін сөзсіз түсініп, кез келген тапсырманы бірлесе орындайды.
– Тұрмағанбет пен Оразмағанбет – ерекше тәрбие көрген, жауапкершілікті сезіне білетін сарбаздар. Әскери өмірге бейімделулері де өте жақсы. Олар бір-біріне демеу болып, оқу пунктіндегі сарбаздарға үлгі болып жүр, – дейді оқу пунктінің басшысы, майор Ақбарәлі Ахмадалиев.
Тұрмағанбет пен Оразмағанбет әскери қызметтің алғашқы күндерінен-ақ жауынгерлік өмірдің қыр-сырын үйренуге зор ынтамен кіріскен. Бүгінде әскери бөлім қабырғасында Отанға деген патриоттық сезімімен қарулас достарына өнеге болып жүр. Жүктелген міндеттерді атқару кезінде олар өздерін белсенді, жауапты азамат ретінде көрсетіп келеді. Сөзі мен ісі қабысқан еңбекқорлығымен қатар қарапайым мінезді Тұрмағанбет пен Оразмағанбет жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтарынан да, командирлерінен үйренген білімдерін қызмет барысында дұрыс қолданып жүр.
Өздеріне сеніп тапсырылған қарудың бөлшектерін, тактикалық-техникалық сипаттамасын, қызмет көрсету тәртібін жетік меңгергендіктен атыс даярлығынан да үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Егіздердің ендігі мақсаты - Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып ата-анасының, бауырларының, достарының арасына аман-есен оралу. Сондай-ақ өз өмірлерін әскери қызметпен байланыстыру.
– Әскерге келгенім үшін қуанамын. Айбынды армия қатарында борышымды өтеп, үздік қырымнан табылғаным әскердегі тәртіп пен тәрбиенің арқасы. Бұл жерде үйдегідей еркіндік жоқ. Әрбір ісіңе жауапкершілікпен қарайсың. Жалпы әскери өмірді көру, қатал тәртіпті бастан өткеру әрбір жас жігітке шыңдалу үшін қажет. Мерзімдік әскери қызметімді аман-есен аяқтаған соң, Ұлттық ұлан әскері қатарында қызыметімді жалғастырамын, - дейді Тұрмағанбет.
Әскердегі күндер – өмір мектебі. Ол кешегі ата-анасының жанында қиындық көрмеген кез келген бозбаланы ширатады, шыңдайды, өз бетінше өмір сүруге тәрбиелейді. Оған қоса, қазіргі кезде жауынгерлерге бар жағдай жасалған. Бұл туралы сарбаздардың айтары бар. Әскер қатарына келген соң көріп, біліп, естіп жатырмыз тәртібің жақсы болып, сабақ үлгерімі жағынан жоғары нәтиже көрсетсең тегін білім алу гранты да қарастырылған екен. Сол грантты жеңіп алуға бар күш-жігерімді саламын, – дейді егіздің сыңары Оразмағанбет.
Егіздердің айтуынша, олар алдағы уақытта құқық қорғау саласында қызмет етуді мақсат етеді. Ұлттық ұландағы бір жылдық қызмет олардың өмірлік таңдауларына нақты бағыт береді деп сенеді.
Біз болашақта әскери салада қалуға, ішкі тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосуға ниеттіміз. Бұл жол – біздің саналы таңдауымыз, – дейді жас жауынгерлер.
Биылғы көктемгі шақырылым аясында Маңғыстау өңірінен Ұлттық ұлан қатарына жас сарбаздар жоспарлы түрде жөнелтілді. Бұл үдеріс «Батыс» өңірлік қолбасшылығының үйлестіруімен жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
– Қазіргі жастар ел қорғаны болуға ұмтылып, әскери қызметке саналы түрде келуде. Бұл – ел болашағына деген сенімнің, тәрбие мен ұлттық құндылықтарға деген құрметтің белгісі, – дейді тәрбие бөлімшесінің басшысы капитан Таңат Мансұр. Иә, ерлік – елге қызмет етуден басталады. Тұрмағанбет пен Оразмағанбет сынды жастардың әскери сапта қатар тұруы – бауырмалдықтың, отансүйгіштіктің, және бірлік пен ынтымақтың шынайы көрінісі.
майор Ертуған ӘУБӘКІР,
Жаңаөзен қаласы