Талғат Шамгунов: Әскер – менің тағдырым

5764
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Полковник Талғат Шамгунов – құқықтық тәртіп әскерінде отыз жылға жуық уақыт абыройлы қызмет атқарған ардагер офицер.

Ол 1990-жылдардың қиын кезеңінде әскер сапына қосылып, жаңа әскери бөлімнің қалыптасуына куә ғана емес, тікелей атсалысқан азамат.

Ұлттық ұланның түрлі құрылымдарында басшылық қызметтерді атқарған ол биыл зейнет жасына жетіп, өмірінің жаңа белесіне қадам басып отыр. Біз полковникпен әскери қызметтің жауапкершілігі, жеке құраммен жұмыс істеу қиындығы, Ұлттық ұландағы өзгерістер мен отбасының қолдауы туралы әңгімелестік.

– Талғат Дулатұлы, әскери қызмет жолын 1993 жылы бастаған екенсіз. Отан алдындағы борышыңызды өтеп келген соң, осы салаға келуге не түрткі болды?

– 1993 жылы мені Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне офицерлік резерв құрамында әскери қызметке шақырды. Әскердегі алғашқы тәжірибем өзіме қатты ұнады. Сол кездегі тәртіп, ұжымдағы бірлік, әскери өмірдің айрықша атмосферасы мені баурап алды. 1995 жылы белгіленген мерзім аяқталған соң, запасқа жіберілдім. Дегенмен, сол жылы Көкшетау қаласында 5510 әскери бөлімі жаңадан ашылып жатқанын естіген соң, өз еркіммен барып, әскери қызметімді жалғастыру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім менің өмірлік жолымды анықтап берді десем, артық емес.

– Ұлттық ұлан сапындағы ұзақ жылдар бойғы қызметіңізде есте қалған ерекше сәттер бар ма?

– Ең жарқын әрі ұмытылмас кезең – бұл 5510 әскери бөлімінің алғаш құрылу уақыты. Ол кезде офицер кадрлары жетіспейтін, тұрмыстық жағдай да оңай емес еді. Жаңа бөлімшені нөлден бастап құру – үлкен сын әрі маңызды жауапкершілік болды. Сол қиындықтарды бірге еңсерген әріптестермен әлі күнге дейін байланыстамыз. Ол кездер әскери рухты, бірлікті терең сезіндірген кезеңдердің бірі болды.

– Бас штабтағы ақпараттық-талдамалық жұмыстарға жетекшілік ету қандай жауапкершілік жүктеді?

– Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы деңгейінде ақпараттық-аналитикалық жұмыс бұрыннан жүргізіліп келеді. Бірақ бұрын бұл жұмыс әр басқармада өз бетінше жүзеге асырылатын. Біз осы үдерістерді біріктіріп, барлық деректерді орталықтандыру, жинақтау, сараптау, содан кейін нақты қорытынды мен ұсыныс әзірлеуді жолға қойдық. Бұл жұмыс Ұлттық ұланның даму бағытын дұрыс айқындауға, әскери шешімдерге дәлелді негіз жасауға септігін тигізді.

– Қызметтік мансап жолында кездескен басты қиындықтар мен оларды еңсеру жолдары туралы айтып берсеңіз.

– Әскери қызметтегі ең күрделі әрі жауапты сала – бұл жеке құраммен жұмыс. Мен взвод командирінен бастап басқарма басшысының орынбасарына дейін түрлі лауазымда болдым. Әр кезеңде бағынышты қызметкерлермен жұмыс істеуге тура келді. Әр адам – жеке тұлға, әрқайсысына ерекше тәсіл керек. Сондықтан да әскери ортада тәрбие мен психологиялық жұмысқа үлкен мән беріледі. Жеке құрамның ішкі дүниесін түсіну мен оларға дұрыс бағыт беру – үлкен шеберлік пен төзімділікті талап етеді.

– Сіздің ойыңызша, Ұлттық ұлан жүйесінде соңғы жылдары қандай оң өзгерістер байқалады?

– Кейбіреулер не айтса да, менің пікірім – Ұлттық ұлан жыл санап жаңарып, заманауи әрі мобильді құрылымға айналып келеді. Бұл өзгерістердің басты қозғаушы күші – әскери қызметкерлердің ынтасы мен кәсібилігі. Көп жағдайда мұның бәрі – біздің өз күшімізбен, жүрек қалауымызбен атқарылып жатқан жұмыс.

– Қазіргі жас сарбаздар мен офицерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – ішкі әскердің, яғни Ұлттық ұланның тарихи дәстүрлерін құрметтеп, сақтай білу керек. Бұл – әскери рухтың негізі, әскери ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жалғайтын көпір.

– Зейнетке шығу – жаңа бір белес. Осы кезеңге қандай жоспарлармен қадам басып отырсыз?

– Зейнетке шығу – бұл мен үшін өмірдің жаңа кезеңіне өту. Әлі де белсенді еңбек етіп, жаңа салаларда өзімді сынағым келеді. Әскери ортадан алыстап кеткім келмейді. Әріптестермен ара-қатынасымды үзбей, қолымнан келгенше пайдалы істермен айналысуға дайынмын.

– Қызмет барысында отбасыңыздың қолдауы қаншалықты маңызды болды?

– Әскери адамның өмірі – үнемі қоныс аудару, жаңа орта, жаңа мектеп, жаңа көршілер деген сөз. Бұл – бүкіл отбасы үшін үлкен сынақ. Менің отбасым осының бәріне төзімділік танытып, әр қадамда мені қолдап отырды. Мәселен, біз Қостанайға 30 тамыз күні көшіп келдік, ал келесі күні мектепке барып, балаларды қабылдатуға тура келді. Қызым сол кезде 11-сыныпқа өтті. Мектеп әкімшілігі: “Сіз балаңыздың болашағы туралы ойламайсыз ба?” деп сын айтты. Осындай кезеңдерде жұбайым маған үлкен тірек болды. Ол да Ұлттық ұлан қатарында қызмет еткен, қазір зейнетте. Оның қолдауы – менің өмірлік сүйенішім.

– Әскери тәртіп пен азаматтық өмір арасындағы басты айырмашылық неде деп ойлайсыз?

– Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін біраз уақыт керек сияқты. Азаматтық өмірдің өз ерекшеліктері бар екені сөзсіз, бірақ оны толық сезіну үшін бірнеше жыл қажет. Әзірге ол әлем маған беймәлім.

– Ұлттық ұландағы қызмет жолыңызды бір сөйлеммен түйіндесеңіз, ол қандай болар еді?

– Мен Ішкі әскер қатарында қызмет еткеніме еш өкінбеймін. Қандай нәтижеге жетсем де, соның бәріне көңілім толады. Бұл – менің өмірлік жолым.

Әңгімелескен

қатардағы Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -