2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қарағанды облысында жұмыссыздық деңгейі төмендеп, 4%-ды құрады – еліміз бойынша бұл көрсеткіш 4,6%. 18 мыңнан астам адам, оның ішінде 7,5 мыңнан астам жас және 857 мүгедек адам жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар мәлім етті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Тұрғындарды жұмысқа орналастыру үшін түрлі жобалар жұмыс істейді.
– Бүгінгі таңда ізденушілер мен жұмыс берушілер арасында ең көп сұранысқа ие жоба зейнеткерлік жастағы тұрғындарды жұмысқа орналастыруға бағытталған «Алтын жас» жобасы болып табылады. Біз зейнеткерлікке шыққан қызметкерлердің үлкен тәжірибесі мен кәсіби білімі бар екенін түсінеміз. Сондықтан оларды жұмыс берушілер жұмысқа орналастырған жағдайда мемлекет мансап орталықтары арқылы жалақының 50% -ын, бірақ айына 85 000 теңгеден аспайтын мөлшерде субсидиялайды, – дейді Төлем Мұхтар. – Биыл жобаға 530 адам қатысты.
Жұмыс берушілер арасында субсидияланатын жұмыс орындары – қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, сондай-ақ «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты жобалар да сұранысқа ие.
Зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталған «Күміс жас» жобасын бөлек атап өткен жөн. Көптеген жұмыс берушілер зейнеткерлік жастағы адамдарды жұмысқа қабылдауға құлықсыз болғандықтан, мемлекет бұл жоба арқылы бюджет есебінен жалақыны ішінара субсидиялай отырып, кедергілерді еңсеруге көмектеседі.
Жұмыспен қамтуға келетін болсақ, бүгінде Enbek.kz порталы барлық қызметтерді жұмыспен қамту орталықтарына бармастан, қашықтықтан алуға мүмкіндік береді. Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркелуге, түйіндемені орналастыруға, жұмыс іздеуге өтінім беруге немесе белсенді жұмыспен қамту шараларының қатысушысы болуға болады - мұның бәрі онлайн жасалады.
Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізетін мансап орталықтарының жанында мобильді топтар жұмыс істейді. Сонымен қатар, ауылдық округтерде осы орталықтардың мамандары жұмысқа орналасу, атаулы әлеуметтік көмекті қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну мәселелерімен айналысады.
Бүгінде қызметтердің басым бөлігі онлайн режимінде - мекемелерге жеке бармай-ақ ұсынылады. Әлеуметтік қызметтер порталы белсенді пайдаланылуда – ол арқылы мүгедектігі бар адамдар оңалту құралдарына тапсырыс беріп, оларды үйге ала алады. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам тапсырыс рәсімделген. Облыстың 12 өңірінде екі мыңнан астам адам пайдаланған «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. Жақын арада порталда таксомоторлық қызметті енгізу жоспарланған – мүмкіндігі шектеулі жандар өз бетінше маршрут таңдап, жол жүруді рәсімдей алады.
Несиелері бойынша мерзімі өткен қарызы бар адамдарды қолдауға бағытталған «Қайта бастау» жобасы да жұмысын жалғастыруда. Ол 500-ден астам адамды қамтиды.
Бизнес ортаны дамыту үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі. Халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері де өз ісін ашу үшін грант алуға үміткер бола алады. Бүгінгі таңда 91 грант беріліп, жыл соңына дейін тағы 134 өтініш беруші өтеусіз көмек алады.
Ардагерлер, апаттарды жоюға қатысушылар, өмірлік қиын жағдайдағы тұрғындар да материалдық, психологиялық және заңгерлік көмек алады. Отбасыны қолдау орталықтары жеті қалада жұмыс істейді, ал сәуір айынан бастап FSM Social мобильді қосымшасымен үйлестірілген – әрбір сигнал нақты уақыт режимінде бақыланады.