Төтенше жағдайлар министрлігі күнделікті құтқару жұмыстарына заманауи технологияларды белсенді түрде енгізуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
Солардың бірі төтенше жағдайларды жою, іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу және аса қауіпті учаскелерді бақылау кезінде өз тиімділігін дәлелдеген ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) болды.
Бүгінгі таңда Министрліктің иелігінде 189 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Олардың 115 бірлігі жасанды интеллект функцияларымен жарақталған, мысалы деректерді автоматты түрде талдау, картографиялық материалдарды дайындау. Жасанды интеллектті қолдану маршруттарды автоматты түрде талдауға, қозғалыстағы нысандарды нақты уақыт режимінде оператордың қатысуынсыз анықтап, бақылауға мүмкіндік береді.
Құтқарушылар оптикалық және жылу бейнелеу құрылғыларын пайдалана отырып, іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде табиғи өрт ошақтарын, мұздақ көлдерді, су басу аймақтарын және басқа да төтенше жағдайларды бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдануда. Олар төтенше жағдайларды жою барысын бақылау және жұмылдырылған күштер мен құралдардың іс-қимылын үйлестіру мақсатында ақпаратты нақты уақыт режимінде беруге, сондай-ақ әуеден түсірілген фото және бейнематериалдарды талдау арқылы төтенше жағдайлардың салдарын бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ҰҰА алдын алу мақсатында гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін бақылау, орман алқаптары мен әлеуетті қауіпті учаскелерді қадағалау, ұшқышсыз ұшу аппараттарына орнатылған акустикалық жүйелер арқылы халықты құлақтандыру үшін қолданылады.
Биыл шілде айында ҰҰА жедел қолданудың нәтижесінде Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем ұлттық паркінде адасып кеткен екі жасөспірім табылып құтқарылды. Ал мамыр айында кинологиялық есептоп дронның көмегімен Алматы тауларында жоғалып кеткен шетелдік турист анықтады.
Сонымен қатар «Мұз» республикалық акциясы аясында тепловизорлармен жабдықталған ҰҰА көмегімен түнгі уақытта жұқа мұз үстінде жүрген 200-ден астам балықшы анықталды.
Заманауи ұшқышсыз ұшу технологияларын енгізу және ҰҰА паркiн кеңейту төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартып, құтқару бөлімшелерінің жедел міндеттерді орындау кезіндегі әрекеттерінің дәлдігін арттырады.