«Мектепке жол» акциясы: Қарағанды облысындағы оқушылардың отбасыларына көмек көрсетіледі

1991
Фотосурет: Gov

Биыл Қарағанды облысында 175 мыңға жуық бала жаңа оқу жылында мектепке барады. Оның ішінде 15 мыңнан астамы – бірінші сыныпқа алғаш рет қадам басқалы отыр. Әлеуметтік осал санаттағы оқушылардың мектепке толық дайын болуын қамтамасыз ету мақсатында өңірде жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы басталды.

Бұл туралы облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие, жалпы орта және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Нұрсұлтан Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

— Акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді. Биыл көмек мөлшері 46 228 теңгені құрайды. Бұл қаражат ата-аналардың жеке есепшотына аударылады. Олар бұл соманы мектеп формасын, аяқ киім мен кеңсе тауарларын өз қалауы бойынша сатып алуға жұмсай алады, — деді Гүлдана Нұрсұлтан. — Қаржылай көмек алу үшін ата-аналар мектептің кеңсесіне өтініш жазып, тиісті құжаттарын тапсыруы қажет.

Сонымен қатар, акция аясында қайырымдылық шаралары, әлеуметтік жәрмеңкелер, рейдтер мен алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылады. Бұл жұмыстар аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушылардың жаңа оқу жылын қиындықсыз бастауына мүмкіндік бермек.

Қазір облыс бойынша білім беру мекемелерін жаңа оқу жылына дайындау қызу жүріп жатыр. Жалпы саны 239 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 33 білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өтуде, оның 30-ы – мектеп.

Бұдан бөлек, республикалық реновация бағдарламасы аясында биыл өңірде 29 мектеп жаңғыртылмақ, олардың 13-і – Қарағанды қаласында орналасқан.

Гүлдана Нұрсұлтан мектеп формасына қойылатын талаптар өзгеріссіз қалатынын да атап өтті.

Жаңа оқу жылына дайындық мәселелері бойынша (8-7212) 50-45-25, 41-22-81, 41-13-19 нөмірлеріндегі «жедел желіге» хабарласуға немесе Қарағанды облысы білім басқармасының ресми Telegram-арнасына жазылуға болады: t.me/karbilimbaskarma.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -