Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Андрей Лукин елорданың «Байқоңыр» ауданына барып, аудан басшылығымен және жергілікті тұрғындармен кездесті, сондай-ақ реновация бағдарламасының іске асу барысымен танысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сенатор бұзу және жаңарту бағдарламасына енгізілген тұрғын үйлерді аралап, қоныс аударуға жататын үйлердің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ең алдымен тұрғын үйлері алынатын азаматтарға берілетін өтемақы мәселесі мен қоныс аудару кезінде азаматтардың құқықтарының сақталуы басты назарда болды.
Сондай-ақ Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Қалалық жылжымайтын мүлік» ШЖҚ МКК директорының қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Онда бұзу жұмыстарын ұйымдастыру мен құқықтық мәселелер, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету және өтемақы тетіктері талқыланды.
«Реновация мәселелері тұрғындардың құқықтарын бұлжытпай сақтауды талап етеді. Адамдар өздеріне әділетті көзқарас болатынына, пікірлерінің ескерілетініне және берілетін өтемақының әділ екеніне сенімді болуы тиіс. Тек осындай жағдайда ғана халықтың сенімін сақтап, қалалық ортаны тұрақты дамытуға болады», – деді Андрей Лукин.
Сенатор «Байқоңыр» ауданында реновация бағдарламасын іске асыру барысы Парламенттің тұрақты бақылауында болатынын атап өтті.