Түркістан облысында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылады

1320
Фотосурет: Gov

Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камалов және Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында бірқатар елді мекендерді аралап, өртке қарсы инфрақұрылымның жай-күйімен танысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

«Өңірлердегі өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту ТЖМ басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Бұл бағдарлама ауылдық жерлерде халықтың қауіпсіздігін арттыруға және қорғауға бағытталған. Аталған бастаманың жүзеге асырылуы төтенше жағдайларға жедел ден қою жүйесін қалыптастырып, жергілікті өртке қарсы бөлімшелердің әлеуетін күшейтеді, – деп вице-министр Рамиль Камалов атап өтті.

  Шалғайдағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ делегациясы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан Сайрам ауданы Құтарыс ауылы мен Ордабасы ауданы Бөген ауылындағы өрт сөндіру бекеттеріне барды. Сонымен қатар олар Мақтаарал, Сарыағаш, Жетісай аудандарындағы мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдері мен бекеттерінің жай-күйімен танысты. Өртке қарсы бөлімшелердің материалдық-техникалық шарттары мен тактикалық мүмкіндіктері талқыланды.

  Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылында ТЖМ басшылығы «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен құрылған өрт сөндіру бекетіне барды. Қала әкімі нысанның қазіргі жай-күйі мен оны дамыту жоспарлары туралы баяндады. Атап айтқанда ғимаратты жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Қазіргі уақытта аталған жұмыстарды орындауға конкурс жарияланды.

  Жұмыс сапары әрі қарай Созақ ауданының Шолаққорған ауылында жалғасты. Онда Рамиль Камалов аудан әкімі Мұрат Тұрысбековпен кездесті. ТЖМ басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Жуантөбе ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру бекетін ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Құрылысты қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі, ал жұмысты аяқтау 2025 жылғы қазан айына жоспарланған.

  Сонымен қатар олар Отырар ауданының Көксарай ауылындағы өрт сөндіру бекетіне барды. Аудан әкімі Қуат Жолдыбаймен бірге нысанды әрі қарай дамыту мәселелері, оның ішінде материалдық-техникалық базаны жаңарту және жаңа ғимарат салу мәселелерін талқылады. Жергілікті атқарушы органдар жаңа құрылысқа арналған жер телімін бөлді, сондай-ақ аудан кәсіпкерлерімен жобаны қаржыландыруға қолдау көрсету туралы уағдаластық жасалды. Жұмыс сапары кезінде Сауран ауданы Ибаата ауылына барды, оның барысында жаңа өрт сөндіру бекетін салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

  Сапар барысында вице-министр ауылдық жерлердегі өртке қарсы инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге тікелей әсер етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -