Жаңғырту және экология: Атырау мұнай өңдеу зауыты қалай жұмыс істейді

1276
Фотосурет: Сенаттың Баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сағындық Лұқпанов Атырау мұнай өңдеу зауытына барып, кәсіпорынның қазіргі жұмысымен танысты, сондай-ақ зауыт басшылығы мен мамандарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сапар барысында негізгі назар өндірістік қуаттарды жаңғырту, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ энергия тиімділігін арттыру мәселелеріне аударылды. Сенатор мұнай өңдеу саласы ел экономикасында стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, оның тұрақты және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз дамуы үшін кешенді тәсіл мен мемлекеттік қолдаудың қажет екенін айтты.

Кездесу аясында өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған «Tazalyq» жобасының іске асу барысы таныстырылды. Атап айтқанда, механикалық тазарту құрылыстарының қайта жаңғыртылуы аяқталып, ағынды суларды тазарту сапасы едәуір жақсарған. 2024 жылдан бері кәсіпорын 423 мың текше метрден астам тазартылған ағынды суды қайта пайдаланды. Бұл ластаушы заттардың төгілу көлемін азайтып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік берді.

«Экологиялық бастамаларды қолдау мен өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту – өңірдің тұрақты дамуына қосылған маңызды үлес. “Tazalyq” сияқты жобалар өнеркәсіптің табиғатпен үйлесімді дамуы мүмкін әрі қажет екенін көрсетеді», – деді Сағындық Лұқпанов.

Сапар қорытындысы бойынша сенатор мұнай өңдеу саласын дамытуда заманауи технологияларды енгізудің маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар экологиялық қауіпсіздік, технологиялық жаңғырту және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мәселелері бойынша бизнес, мемлекет және қоғам арасындағы жүйелі диалогтың маңыздылығын айтты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -