Ішкі істер министрлігі жастар арасындағы есірткі қылмыстарының алдын алуға арналған әлеуметтік бейнеролик жариялады.
Басты кейіпкер – тамақ жеткізумен айналысатын қарапайым курьер. Жеңіл әрі жылдам ақша тапқысы келген ол қылмыстық ортаға тап болып, есірткі тасымалдаушы атанады. Біраз уақыттан кейін өзі де тыйым салынған заттарды қолдана бастайды. Соңында аса ауыр қылмыс – адам өлтіруге дейін барады.
Бейнероликтің сюжеті полиция тәжірибесінде кездесетін өмірлік жағдайларға негізделген.
2025 жылдың жеті айында ІІМ есірткінің заңсыз айналымына қатысты 4655 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеді. 3216 адам ұсталды, оның 509-ы есірткі жасырушы. 43 жасөспірім жауапкершілікке тартылды.
Министрлік жастарды "жеңіл жолмен ақша табуға" шақыратын ұсыныстарға алданып қалмауға шақырады. Есірткі жасырушы немесе тасымалдаушы — бұл қылмыстық схеманың бір бөлшегі.
Есіңізде болсын: мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.