Алматылық ҰОС ардагері ғасырлық мерейтойын атап өтті

1298
Фотосурет: Gov

Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Владимир Дмитриевич Белозеровты 100 жасқа толуымен салтанатты жағдайда құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл айтулы күн тек отбасы үшін ғана емес, бүкіл офицерлік қауымдастық үшін де маңызды оқиға болды.

Ардагерді мерейтойымен құттықтау үшін оның үйіне Бостандық аудандық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың әскери қызметшілері, полковник Арман Тұрғанбаевтың жетекшілігімен келді. Оларға Қазақстан Республикасы Қарулы күштері ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы мен Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың өкілдері қосылды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің атынан ардагерге құттықтау хаты табысталды. Сондай-ақ, әскери оркестр соғыс жылдарының әуендерін орындап, мерейтой иесіне ерекше әсер сыйлады.

Владимир Дмитриевич 1925 жылы 3 тамызда Шымкент қаласында дүниеге келген. Соғыс басталғанда ол теміржол училищесінде оқып жүрген. 1943 жылы, небәрі 17 жасында, әскер қатарына шақырылып, Барнауыл жаяу әскер училищесіне түскен. Алайда оқуын аяқтамай, майданға жіберіледі. Ол 3-Украин майданының 92-гвардиялық дивизиясына қарасты 280-атқыштар полкінің құрамында шайқасты. Алғашқы ұрыстарын Украина жерінде бастан кешіріп, ең ауыр сынақтардың бірі – Днепр өзенінен өту кезінде басынан ауыр жарақат алған. Ұзақ емделуден кейін денсаулығына байланысты әскерден босатылады.

Көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Владимир Белозеров «Қызыл Жұлдыз» және екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Соғыстан кейін Мәскеу индустриалдық институтын тәмамдап, Алматыдағы құрылыс материалдары комбинатында цех бастығы болып ширек ғасырдан астам еңбек етті.

Бүгінде мерейтой иесі белсенді өмір сүруде: күнделікті дене шынықтырумен айналысады, жиі серуендеп, шахмат ойнайды, ақыл-ойы сергек, рухы мықты. Әскери қызметшілер мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері Владимир Дмитриевичке тұрақты түрде келіп, оның Жеңіске қосқан үлесі мен Отанға адалдығына алғыс білдіріп отырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -