Риддер қаласында әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру

1276
Фотосурет: Сенаттың Баспасөз қызметі

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Риддер қаласына барды. Іссапар барысында олар еңбек ұжымдарымен кездесіп, құрылыс кезеңіндегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Риддер орман шаруашылығында сенаторлар жұмысшылармен жаңадан күшіне енген «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңның негізгі ережелерін, сондай-ақ орман қоры жерлерін басқару мәселелерін талқылады. Сала қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылды.

Кездесу кезінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелері көтерілді. Сенаторлар қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіп тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, ең алдымен әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.

«Тазалық – бұл тек техника мен бақылау мәселесі ғана емес, ол – қоғамның мәдениеті, тәрбиесі мен санасының көрінісі. Бүгінде табиғатқа ұқыпты көзқарасты кішкентай кезден бастап қалыптастыру аса маңызды. Бізге тек ережелер ғана емес, ішкі жауапкершілік те қажет. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы – бұл жай ғана ұран емес, бұл – кемел елдің белгісі», – деді Ольга Булавкина.

Сенаторлар сондай-ақ «Montana» спорт клубына барып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен спортпен айналысуға жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Олардың айтуынша, қолжетімді спорт инфрақұрылымын дамыту - әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Сонымен қатар депутаттар жаңадан салынып жатқан «SteakKing» супермаркетінің құрылысымен танысты. Сенаторлардың айтуынша, бұл жоба шағын және орта бизнесті дамытуға серпін беріп, өңірдегі тұтынушылық инфрақұрылымды кеңейтуге үлес қосады.

Сапардың негізгі нүктелерінің бірі - көпбейінді аурухана кешенінің құрылыс алаңына бару болды. Медициналық мекеменің қаржыландырылуы, жабдықталуы және құрылыстың аяқталу мерзімі талқыланды.

Парламентшілер бұл нысанның іске қосылуы Риддер және жақын маңдағы елді мекен тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттыратынын айтты.

«Біз еліміздің өңірлерінде, соның ішінде Риддер қаласында азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалардың іске асып жатқанын көріп отырмыз. Мұндай сапарлар халықтың пікірін тікелей естіп, шешуді қажет ететін мәселелерді нақтылап, заң шығару және өкілдік қызметіміз аясында нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Шәкәрім Бұқтұғұтов.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -