Бас прокуратурада кибералаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кеңеске Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ішкі істер министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері қатысты.
Соңғы жылдары интернет-алаяқтық тек жаһандық проблема ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке төнген елеулі қатерге айналды. Технологиялардың дамуы мен цифрлық коммуникацияның кеңеюіне байланысты қаскүнемдер алаяқтықтың күрделенген тәсілдерін қолдануда.
Аталған қылмыстар азаматтарға айтарлықтай қаржылық шығын келтіріп, құпия ақпараттың таралуына алып келуде, сонымен қатар мемлекеттің жалпы экономикасына зиян тигізуде.
Ағымдағы жылы 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22%-ға көп. Келтірілген залал 6 миллиард теңгеден асты, оның 26%-ы жәбірленушілерге өтелді.
Алаяқтарға өздерінің төлем құралдарын берген 217 дроппер қылмыстық жауаптылыққа тартылды. 61 киберқылмыстық топ әшкереленіп, жалпы сомасы 2,9 миллиард теңгеден асатын күдікті транзакциялар бұғатталды.
Жәбірленушілердің құқықтарын қорғау бойынша жұмыс жалғасуда. Атап айтқанда, алаяқтық жолмен ресімделген несиелердің төлемін тоқтату және дропперлерден негізсіз алынған қаражатты өндіріп алу шаралары қабылдануда.
Кеңес барысында интернет-алаяқтықтың өсу себептері, жеке деректердің заңсыз таралуы, SIM-карталардың көлеңкелі айналымы және SIP-телефонияны пайдалану мәселелері қаралды.
Нәтижесінде, қалыптасқан ахуалға жан-жақты талдау жүргізіліп, нақты іс-шаралар белгіленді және оларды іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар айқындалды.
Сонымен қатар, осы жылдың ақпан айында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен Б.Асылов төрағалық еткен Заңдылықты, құқықтық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің шешімдерінің орындалу барысына ерекше назар аударылды. Осы бағыттар бойынша уәкілетті органдардың есебі тыңдалды.
Жалпы, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және кибералаяқтыққа қарсы күрес – прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Азаматтардың назарына: ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап Қылмыстық кодекске енгізілген 232-1-бап күшіне енеді. Онда өз төлем құралдарын материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға заңсыз берген дропперлердің қылмыстық жауаптылығы көзделген. Бұл құқық бұзушылық үшін тек қаржылық шектеулер ғана емес, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Егер сіздің шотыңызды бөгде адамдар пайдаланып жатса, дереу банкке хабарласып, не болмаса онлайн-банкинг арқылы картаңызды бұғаттауға кеңес береміз.