Павлодарда Ұлттық ұланның қызметтік иті жоғалған екі қызды тапты

1507
Фотосурет: "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Павлодар қаласында 14 жастағы қыз түнде үйіне оралмаған соң, анасы полицияға хабарласқан, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жасөспірімнің інісі әпкесінің үйден ыдыс-аяқ алып шыққанын байқапты. Бейнебақылау жазбаларын тексерген тәртіп сақшылары қыздың құрбысымен бірге Павлодар ауылына қарай бет алғанын анықтады. Алайда кейін олардың қайда бағыт түзегені белгісіз болды.

Келесі күні іздестіру жұмыстарына Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің кинологы сержант Аслан Шуатаев тартылды.

Әскери қызметші алдымен ата-анасынан қыздардың киімдерін алып, иісшіл малинуа тұқымдас «Мажор» есімді итпен қала шетіндегі ауылда іздеу жүргізді.

Иісшіл ит кинологты шаһарға іргелес жатқан аймақтағы демалыс орындарына кейін дүкенге апарды. Сатушы екі қыздың дүкенге кіріп,  балта сатып алғанын растады. Одан кейін төртаяқты жауынгер Ертіс өзені жағалауын тінтіп, көрші көшедегі аялдамаға жол бастайды. Аялдама таяған сәтте кинолог екі қыздың автобусқа отырғанын байқап, дереу жедел топқа хабар берді. Полиция қоғамдық көлікті тоқтатып, жасөспірімдерді ата-анасына табыстады.

Қыздардың ата-анасы жедел әрекет еткен әскери қызметшіге алғысын білдірді. Айта кетейік, сержант Шуатаев бұған дейін Алматы облысындағы Балтабай ауылында үй тонаған ұрылардың ізіне түсіп, оларды жасырынған нысаннан тауып алған болатын.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -