Астанада 125 сарбаз Отан алдында ант берді

1463
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Елордадағы Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметке жаңадан шақырылған жас сарбаздардың салтанатты әскери ант қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл — олардың әскери өміріндегі алғашқы маңызды кезең ғана емес, сондай-ақ Отанды қорғау жолындағы жоғары жауапкершіліктің  символына айналды.

Биыл әскери бөлімге Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Қостанай және Павлодар облыстарынан 125 жас сарбаз келіп қосылды. Мемлекеттік Әнұран үнімен ата-аналарының, ардагерлер мен командирлердің алдында олар әскери борышын адал атқаруға салтанатты түрде ант берді.

Әскери бөлім командирі, полковник Ерлан Буранбаев өз сөзінде әскери анттың Отан қорғаушы болуға бастайтын қасиетті жол екенін атап өтті:

Бүгіннен бастап сіздер — Ұлттық ұланның сарбаздарысыздар. Сіздер халық, ата-ана және ар-ұждан алдында адал болуға ант бердіңіздер. Тәртіп, адалдық пен ерлік — бұл жай ғана сөздер емес, бұл — сіздердің қызметтеріңіздің мәні

Қатардағы Расул Сапарбек шырқаған «Ана» әні ерекше әсерге бөледі. Әсіресе баласын әскерге шығарып салған аналардың жүрегін тербеді.

Құқықтық тәртіп әскеріндегі қызмет — бұл өмір мектебі. Әрқайсыңыздың өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, нағыз жауынгер ретінде шыңдалып шығатыныңызға сенемін Деді оқу пунктінің бастығы подполковник Бахтияр Әубәкіров

Салтанатты шарада 6636 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы подполковник Феликс Дульский мен запастағы майор Инсафитдин Гареев сөз сөйлеп, жас сарбаздарға рух биіктігін, төзімділік пен әскери антқа адал болуларын тіледі.

Мемлекеттік күзет қызметінің полковнигі, таулы Қарабахтағы ұрыстардың қатысушысы Евгений Лавренюк жас сарбаздарға арнаған сөзінде әскердегі қызметтің маңызын атап өтіп, өз жауынгерлік тәжірибесімен бөлісті. Ол әскерде ең маңыздысы — бірлік, өзара қолдау мен өз күшіңе сену екенін айтты. Ұлттық ұландағы қызмет жас сарбаздар үшін ерлік пен өмір мектебі боларына сенім білдірді.

Жас сарбаздардың бірінің әжесі — Зақыт Калямова ата-аналар мен туыстар атынан сөз сөйлеп, жасөспірімдердің азаматтық жолға аяқ басқанына мақтаныш білдіріп, сарбаздарға мықты денсаулық, табысты қызмет пен абыроймен елге оралуын тіледі.

Шара соңында 2025 жылдың 1-шақырылымындағы сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерінен көрсетілім өткізді. Сонымен қатар, Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасының саптық дефилесі ерекше атап өтуге тұрарлық. Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін сарбаздар мен ата-аналар естелік суретке түсті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -