Бейбіт күнде ерлік жасаған лейтенант Дастан Сайлаубеков – ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6505 әскери бөлімінің ротасының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі командирінің орынбасары, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оның батыл әрі жедел әрекетінің арқасында өрттің одан әрі таралуына жол берілмей, зейнеткердің өмірі аман қалды.
Оқиға кешкі уақытта орын алған. Демалыс күні дүкеннен қайтып келе жатқан офицер пәтерлердің бірінен түтін шығып жатқанын байқайды. Ол бірден құтқару қызметтеріне хабарласып, көмектесуге ұмтылады.
— Дереу жедел қызметтерге қоңырау шалып, пәтерге қарай жүгірдім. Есікті шамамен 60 жастағы әйел ашты. Ішке кірсем, асүйде газ плита мен сорғыш жанып жатыр екен, — дейді лейтенант Сайлаубеков.
Жағдайды бағамдаған ұландық кідірместен әрекетке көшеді. Ол ылғал сүлгімен жанып жатқан қазанды жауып, отты сөндіреді. Кейін абдырап қалған пәтер иесін сыртқа – баспалдақ алаңына шығарып, құтқару қызметтері келгенше жанында болып, моральдық қолдау көрсетеді.
Өрт сөндірушілер, жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері жеткенде, лейтенант Дастан Сайлаубеков оларға болған оқиға жайлы толық мәлімет берді. Абырой болғанда, оның шұғыл іс-қимылының арқасында ешкім зардап шеккен жоқ, өрт те басқа бөлмелерге тарамай тоқтатылды.
Бұл оқиға – Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қызметтен тыс уақытта да азаматтарға көмек көрсетуге әрдайым дайын екенінің айғағы. Лейтенант Сайлаубековтің бұл ерлігі – нағыз офицерлік борыштың, азаматтық жауапкершілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісі.