Ақтөбеде ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Талап, еңбек, терең ой» атты облыстық байқау өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Этнос өкілдері арасында ұйымдастырылған бұл мәдени-танымдық сайыста Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінің ефрейторы Анатолий Галкин жүлделі ІІ орынды иеленді.
Байқаудың басты мақсаты – Абай шығармашылығын насихаттау, мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру және этносаралық рухани байланысты нығайту. Әскери қызметпен қатар қазақ тілін еркін меңгерген, Абай даналығын терең түсінген ефрейтор Галкин көркем сөз оқу мен шығармашылық талдау кезеңдерінде жоғары дайындықпен көзге түсті.
Қазылар алқасы оның әдеби сауаттылығын және тіл меңгеру деңгейін жоғары бағалады.
Абайдың мұрасы – барша адамзатқа ортақ рухани қазына. Оның өсиеттері әскери өмірдегі тәртіп пен адамгершілікке үндейді. Қазақ тілін үйрену – мен үшін азаматтық парыз Дейді ефрейтор Галкин
Шараны Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен қоғамдық ұйымдар бірлесе ұйымдастырды. Бұл – өңірде тіл саясатын ілгерілету мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған игі бастамалардың бірі.