Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысында туризмді дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында «Маңғыстау» туристік аймағын дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Құжатта 9 бағыт бойынша салалық мәселелерді жүйелі шешу қарастырылған. Оның ішінде: инфрақұрылымды дамыту, логистика, цифрландыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кадр даярлау, инвестициялық жобаларды ілгерілету және басқа да бағыттар бар. Жоспарды жүзеге асыру кезеңінде жүзден астам іс-шара ұйымдастыру көзделеді.
Болашағы зор 12 туристік нысанның ішінде өңірдегі туризмді дамытудың негізгі бағыттарының бірі Кендірлі туристік аймағы болып белгіленді. Инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, оның ішінде инженерлік коммуникациялар жүргізу, туристік нысандарды электр қуатымен, сумен жабдықтау және көлік қолжетімділігімен қамтамасыз ету бойынша шаралар кешені іске асырылады. Кендірлі ауылында жолдар мен басқа да нысандарды жөндеуден бөлек, әуежай салынады. Бұл ретте инвесторлар мен эко-белсенділердің ұсыныстары ескерілді.
Ақтау қаласында теңіз вокзалы мен халықаралық деңгейдегі стадион салу жоспарлануда.
Сондай-ақ өңірде туризмді насихаттау үшін мәдени-спорттық іс-шаралар өткізу көзделген.
Кешенді жоспар туристер тартуға қолайлы жағдай жасауға және туристік аймақты одан әрі дамытуға қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар шағын және орта бизнес әрі қарай дамуға жаңа серпін алып отыр, бұл үшін жоспарда «Каспий ӘКК» АҚ желісі арқылы туризм саласын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске қосу көзделген.
Жоспар жүзеге асырылғаннан кейін 2029 жылға қарай ішкі туристер саны 430 мыңнан 520 мың адамға, ал келуші туристер санын 89 мыңнан 143 мың адамға дейін артады деп күтілуде. Туризм саласында жұмыспен қамтылғандар саны 1,7 мың адамнан 2,7 мың адамға дейін, жеке инвестиция көлемі – 198,9 млрд теңгеге дейін, ал өңір экономикасындағы туризм үлесі – 2,2%-дан 3,6%-ға дейін өседі.