Түркістан облысына жұмыс сапары шеңберінде Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесті. Инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік, бизнесті қолдау мәселелері талқыланды. Жұмыс сапары барысында вице-министр Түлкібас ауданының Састөбе, сондай-ақ Сайрам ауданының Қарасу және Ақсукент ауылдарында болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Халықпен кездесулерде Бауыржан Омарбеков шағын және орта бизнесті қолдау үшін Үкіметтің жүзеге асырып жатқан шаралары туралы хабардар етті. Олардың ішінде-кредиттерді субсидиялау, кепілдік беру, ауылдық жерлерде өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыру, сондай-ақ инвестициялық белсенділікті ынталандыру мен жұмыс орындарын құру бар.
Түлкібас ауданында 2025 жылғы бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлемінің индексі 173,7% деңгейінде тіркелді. 1 шілдедегі жағдай бойынша кредиттердің жалпы сомасы 3,9 млрд теңгеге 7 жоба субсидияланды. Төленген субсидия көлемі 557,9 млн теңге. 65 млн теңге сомасына 3 жобаға кепілдік берілді. Кепілдік көлемі - 33,2 млн теңге.
Сапар шеңберінде вице-министр бірқатар нысандармен, оның ішінде Дәубаба ауылында 29 млн теңгеге “Ауыл аманаты" жобасы бойынша іске асырылған сүт цехымен танысты. Сондай-ақ, салынып жатқан ет комбинаты мен қуаттылығы 5000 бас ірі қара мал және өнімділігі жылына 60 мың тоннаға дейін жететін "KAZ ECO MEAT" ЖШС бордақылау алаңын көрді.
Түлкібас ауданы да "Ауыл – ел бесігі"бағдарламасын іске асыруға енгізілген. 2025 жылы Дәубаба ауылындағы мәдениет үйін қоса алғанда, әлеуметтік маңызы бар объектілердің құрылысына 278 млн теңге қарастырылған. Түлкібас және Сайрам аудандарындағы бағдарлама желісі бойынша жобалардың жалпы құны 844 млн теңге.