Қазақстанның оңтүстік өңірлері жоспарланған су көлемінің 80%-ын пайдаланды

1034
Фотосурет: РИА Новости / А. Кучис

Қазақстанның оңтүстік облыстарында егіс алқаптарын суаруға жоспарланған су көлемінің 80%-дан астамы алынды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Суару маусымының басынан шілде айының соңына дейін еліміздің оңтүстігінде егіс алқаптарына 8,15 млрд текше метрден астам су алынды. Биыл вегетация кезеңінде жалпы көлемі 10,1 млрд текше метр су алу жоспарланған. Осылайша, суару кезеңінің соңына дейін тағы шамамен 2 млрд текше метр су алынады.

Жалпы алынған судың шамамен 37,2%-ы немесе 3,03 млрд текше метрі Қызылорда облысына тиесілі. Түркістан облысы алған су көлемі – шамамен 37% немесе 3,011 млрд текше метр.

Жамбыл облысына 9,3%-дан астам немесе 761,7 млн текше метр, Жетісу облысына – 8,8%-дан астам немесе 719,6 млн текше метр, ал Алматы облысына – 7,7%-дан астам немесе 631,4 млн текше метр су берілді.

«Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі суару маусымының барысы министрлігіміздің бақылауында. Судың әділ бөлінуін қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп каналдар мен басқа да объектілерге тұрақты мониторинг жүргізетін төрт жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар су кезекпен беріліп, шаруалар арасында түнгі суару және егіс айналымына көшу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр» Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров

Биыл еліміздің оңтүстігінде вегетация кезеңі 20 күнге ерте басталғанын еске сала кетейік. Бұған жоғары температура мен жауын-шашынның болмауы себеп болды. Соған қарамастан, суармалы судың ерте берілуінің арқасында оңтүстік өңірлердің диқандары сәуір айының ортасында алғашқы қырыққабат өнімін, мамырдың соңғы онкүндігінде қауын-қарбызды, маусымда баклажан мен өзге де бақша дақылдарының алғашқы өнімін жинап үлгерді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -