Өскеменде 81 қауіпті электр шәйнек анықталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Технодом» дүкендер желісі Қазақстан бойынша сөрелерден көлемі 1,7 литрлік VITEK VT-1122 TR электр шәйнегінің 81 данасын сатылымнан алып тастады. Сонымен қатар, жеткізушіге анықталған заңбұзушылықтар жойылғанға дейін бұл модельді жеткізуді тоқтату туралы талап жолданды.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті тұтынушыдан келіп түскен өтініш бойынша Өскемен қаласындағы дүкеннен аталған электр шәйнекті бақылау мақсатында сатып алып, өнімді Кеден одағының техникалық регламенті — «Төмен вольтты жабдықтың қауіпсіздігі туралы» ТР ТС 004/2011 талаптарына сәйкестігіне зертханалық тексеруден өткізді.
Сынақ нәтижелері шәйнектің нақты қуаты белгіленген нормалардан айтарлықтай ауытқитынын көрсетті. 220 В кернеуде қуаттылығы 1617 Вт (−12,6 %), ал 240 В кезінде — 1824 Вт (−17,1 %) болған. Мұндай ауытқулар тұтынушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша «Технодом» дүкеніне өнімді сатылымнан алып тастау туралы ресми хабарлама жолданған.
Техникалық регламент талаптарына сай келмейтін тауарларды саудалағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Жаза ретінде жеке тұлғаларға – 90, лауазымды тұлғаларға немесе шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 195, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 600 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.