Сенат депутаттары Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев Ұлытау облысындағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар нысандардың жағдайымен танысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Парламентшілер Сәтбаев қаласындағы «Kazakhmys Distribution» ЖШС-не қарасты №1 Жылу электр орталығына барып, станцияның қазіргі жұмысы, өндірістік үдерістері мен жабдықтарының жай-күйі, сондай-ақ үшінші көтерілімдегі сорғы станциясы мен №1 магистралды жылу желісін жаңғырту жобаларының жүзеге асырылуы жөнінде ақпарат алды.
Сапар барысында халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда болды. Сенаторлар «Уйтас-Айдос» су алғышындағы екінші көтерілімдегі сорғы станциясын жаңғырту және Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауызсу тазарту құрылыстарына дейінгі су құбырының құрылысы барысымен танысты. Депутаттардың пікірінше, сенімді сумен жабдықтау - өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі.
Сондай-ақ Жезқазған қаласында олар «Kazakhmys Energy» ЖШС-на қарасты жылу электр орталығында болып, алдағы жылыту маусымына дайындық барысын көрді. Бұдан бөлек, шаруашылық-ауызсу тазарту нысандарының жай-күйіне және Кеңгір су қоймасының экологиялық жағдайына ерекше көңіл бөлінді.
«Жылыту маусымына дайындық - адамдардың өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселе. Әсіресе, Сәтбаев жылу станциясында түтін газдарын тазарту жүйесінің орнатылып жатқаны маңызды. Бұған дейін бізге қала тұрғындарынан экологиялық жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірген өтініштер түскен болатын. Бүгінгі қабылданып жатқан шаралар - сол сұраныстарға жауап әрі зиянды қалдықтарды азайту жолындағы нақты қадам», - деді Советбек Медебаев.
Сонымен қатар сенаторлар облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысына қатысып, Сенаттың заң шығару қызметі туралы баяндап, өңірлік мәселелерді шешуде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендерін білдірді.
«Біз үшін өңірдің негізгі нысандарының техникалық және функционалдық жағдайымен танысу аса маңызды. Мұндай сапарлар мамандардың пікірін тікелей тыңдап, түйткілді мәселелерді анықтап, олар туралы жедел түрде тиісті мемлекеттік органдарға хабарлауға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымды және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту тек жергілікті атқарушы билікпен тығыз өзара іс-қимыл арқылы ғана жүзеге асады», – деді Серік Шайдаров.