Әлемдік поп-жұлдызы Дженнифер Лопестің Алматыдағы концерті 10 тамыз күні өтеді. Музыкалық кешті жоғары деңгейде өткізуге қаланың Орталық стадионы дайындалып жатыр. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, инфрақұрылым толық жаңғыртылды. Трибуналар жөнделіп, баспалдақтар жаңартылып, орындықтар ішінара жөнделіп жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Стадион аумағында жүріп жатқан кішігірім құрылыс және жөндеу жұмыстары 9 тамызға дейін толық аяқталады. Бұған дейін стадионның жарық жүйесі жаңартылып, 50-ден астам шам ауыстырылды. Қазіргі таңда сахнаның техникалық жабдықталуы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілуде. Сыртқы дәретханалар жаңартылды, қоршаулар қалпына келтіріліп, іргелес аумақ абаттандырылды.
Қазіргі уақытта сахнаның техникалық жабдықталуы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілуде.
«Бұл концерт Алматы үшін аса маңызды оқиға. Оның қалай өтетіні қаланың халықаралық беделіне тікелей әсер етеді, сондықтан ұсақ-түйек жайттарды да ескеру қажет. Мұндай шаралар Алматыға деген қызығушылықты арттырып, туристерді тарту үшін маңызды», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.
Концерт кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2960 қызметкер жұмылдырылады: оның ішінде 2240 полиция қызметкері, 600 әскери қызметкер, 120 жеке күзет агенттігі өкілдері және 300 ерікті бар.
Кешке келетін қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында стадионға кіретін 26 бақылау бекетінің әрқайсысында металл детекторлар мен 52 қол сканерлері орнатылады.
Стадион аумағы төрт негізгі фан-аймаққа бөлінеді, әрқайсысы 2–3 мың адамға арналған. Бұл көрермендердің қозғалысын бақылау мен тәртіп сақтауға мүмкіндік береді.
Қала әкімдігі тарапынан санитарлық талап да басты назарда. Стадион жанына қосымша 100-ге жуық биодәретхана қойылады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында еріктілер тазалық жұмыстарын жүргізіп, іс-шара барысында тазалықты қамтамасыз етеді.
Стадион аумағында жедел жәрдем және өрт сөндіру көліктері кезекшілік етеді. Барлық төтенше қызмет толық сақадай-сай дайын: эвакуация жоспарлары мен хабарландыру жүйесі тексерілген.
Қонақтарға ыңғайлы болу үшін арнайы бағыттар бойынша 50 автобус жұмыс істейді. Көлік қозғалысы Абай, Сәтбаев және Байтұрсынов көшелері бойымен белгіленеді. Бағыт табуға навигациялық белгілер мен LED экрандар көмектеседі.
Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертіне дайындық тек сахнамен шектелмей, қауіпсіздік пен ұйымдастыру жағынан да әлемдік стандарттарға сай жүргізіледі.