Сарыкөлде «Саламатты Қазақстан» пойызының дәрігерлері 1200-ден астам тұрғынды тексерді

1199
Фотосурет: Gov

«Саламатты Қазақстан» жылжымалы медициналық пойызы Қостанай облысы бойынша өз бағытын аяқтады. Соңғы аялдама Сарыкөл ауданы болды, онда пойыз 5 және 6 тамызда жұмыс істеді. Екі күннің ішінде дәрігерлер 1205 адамды қарап-тексерді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Сарыкөл - сегіз мыңға жуық халқы бар аудан орталығы. Тіркеуге және медициналық сақтандырудың болуына қарамастан, барлық ниет білдірушілер білікті медициналық және консультациялық көмекті тегін алды.

Медициналық пойыз - заманауи техникамен жабдықталған дербес мобилдік кешен. Оған тіркеу, диагностикалық кабинеттер, зертхана, ультрадыбыстық, ЭКГ, рентген, стоматология кабинеттері, емдеу және қарау бөлмелері кіреді. Мұнда алғашқы диагностика, зертханалық зерттеулер және профилактикалық қарап-тексерулер жүргізіледі.

Бригаданың құрамында терапевт, хирург, травматолог, кардиолог, педиатр, көз дәрігері, стоматолог, ультрадыбыстық маман, мейіргерлер мен техникалық қызметкерлер жұмыс істеді.

Аудан тұрғындарына Сарыкөл аудандық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрғожа Байкунов және медициналық пойыздың аға дәрігері Елнұр Маханов құттықтау сөз сөйледі. Н. Байкунов атап өткендей, осындай бастамалардың арқасында сапалы медициналық көмек тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді болады.

Жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Денсаулық сақтау министрлігінің және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын естеріңізге сала кетейік. Оның мақсаты - елдің шалғай және халқы аз елді мекендерінің тұрғындары үшін аурулардың қолжетімді диагностикасы мен алдын алуды қамтамасыз ету.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -