2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Air Astana $10,7 млн таза табыс тапты. Бұл – өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 132%-ға жоғары көрсеткіш. Қаржылық жетістіктері, негізгі нәтижелері мен алдағы жоспарлары туралы авиакомпания 2025 жылғы 6 тамызда Astana International Exchange алаңында өткен Эмитент күнінде айтып берді. Шара офлайн және онлайн форматта өтіп, оған халықаралық аналитиктер, банкирлер мен журналистер қатысты.
Авиакомпанияның мәліметіне сәйкес, жартыжылдық қорытындысында жалпы кіріс 12,1%-ға өсіп, $658,2 млн-ды құрады, ал EBITDAR көрсеткіші 24,1%-ға артып, $157 млн-ға жетті. Бұл көпмиллиондық табысқа Air Astana мен FlyArystan бірқатар факторлар есебінен қол жеткізген.
Флот кеңейіп, тиімділік артты
Бірінші кезекте флотты ұлғайту есебінен. Air Astana паркі биыл алты Airbus A320 ұшағымен толықты. Қазіргі уақытта компанияда 61 әуе кемесі бар. Жыл соңына дейін тағы екі ұшақ сатып алу жоспарланған, ал төрт жыл ішінде бұл көрсеткіш 84-ке дейін өседі. Мамыр айында соңғы Embraer E2 ұшағы қолданыстан шығарылды. Енді авиапаркте тек екі типтегі әуе кемесі бар: үнемді Airbus A320 және халықаралық ұзақ рейстерге арналған Boeing 767. Бұл қадам операциялық тиімділікті арттырды.
Флоттың өсуімен қатар жолаушылар ағыны да көбейді. Алты ай ішінде Air Astana мен FlyArystan 4,5 млн-ға жуық жолаушыны тасымалдады – бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,6%-ға көп. Айтарлықтай өсім халықаралық бағыттарда байқалды – +25,5%.
«Жолаушылар санының артуы мен сыйымдылықтың ұлғаюы – Азияның ең қарқынды дамып жатқан нарықтарында жаңа бағыттарымызға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Әсіресе Үндістан мен Қытай сияқты алып нарықтарда біз ТМД елдерімен ыңғайлы әуе қатынасын ұсынып отырмыз. Өткен аптада China Southern Airlines компаниясымен жасалған код-шерингтік келісім – маршруттық желімізді кеңейтудегі тағы бір маңызды қадам»,
Air Astana бас атқарушы директоры Питер Фостер
Бүгінгі таңда компанияның 91 халықаралық бағытына тағы 20 жаңа маршрут қосылды. Air Astana Қытай мен Үндістан бағыттарында өз позициясын күшейтуді көздейді. ҚХР-мен аптасына 30 рейс орындалады. Наурызда Алматы – Гуанчжоу рейсі ашылды, ал мамырда Алматы – Инин (Құлжа, Шыңжаң) бағытында тікелей рейстер іске қосылды. Алдағы уақытта Шанхайға қатынау да жоспарда.
Үндістан мен ішкі нарық
Үндістанға келсек, Air Astana Алматыдан Дели бағытына жиірек ұшады. Жақында Алматы – Мумбай рейсі ашылды. Ал FlyArystan Алматы мен Гоа арасындағы тұрақты рейстерді енгізуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда компанияның ішкі бағыттары 38-ге жеткенімен, олардың өсу қарқыны баяу. Бұл – нарықтың ерекшелігіне байланысты.
«Біз – Қазақстандық авиакомпаниямыз және отандық нарықта жұмыс істейтінімізді мақтанышпен айтамыз. Алайда флотты ұлғайту жоспарын ескерсек, 20 миллион халық мұндай ауқымды компанияның дамуын толықтай қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан басты мақсатымыз – көршілес елдердің авиациялық нарықтарында коммерциялық қатысуымызды кеңейту, серіктестік келісімдер жасау, белсенді маркетинг жүргізу арқылы шет елдерден көбірек жолаушы тарту. Бұл тек біздің компанияға ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы туризм мен бизнеске де оң әсер етеді»,
Питер Фостер
Жазғы маусымда Түркия, Грузия, Черногория және Вьетнам бағыттарына рейстер саны артты. Дегенмен, екінші тоқсанда теріс факторлар да әсер етті. Атап айтқанда, Үндістан мен Пәкістан, Израиль мен Иран арасындағы геосаяси шиеленістер рейстердің тоқтатылуына себеп болды. Сонымен қатар, теңгенің әлсіреуі де байқалды. Алайда компания өкілдері барлық мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік болғанын атап өтті.
IPO және акционерлік сенім
Эмитент күнінде қатысушылар Air Astana акцияларына қатысты сұрақтар да қойды. IPO-дан кейін бір жарым жылдай уақыт өтті. Ол Қазақстан қаржы нарығы үшін маңызды оқиға болды – компания акцияларына сұраныс жоғары болды, бұл Air Astana-ның инвестициялық тартымдылығын көрсетті. Бүгінде акция бағасы сәл төмендегенімен, компания басшылығы оптимистік көзқараста.
«Осы уақыт ішінде дивидендтер төленді. Дивидендтік кірістілік 7,4%-ды құрады – бұл әлемдік ауқымда жоғары көрсеткіш. Мен және әріптестерім де – компания акционерлеріміз. Демек, біз де Уоррен Баффеттің сөзіне сенеміз: егер компания жақсы жұмыс істесе, акция бағасы міндетті түрде соны көрсететін болады»
Питер Фостер
«IPO бізге 120 млн доллар тартуға мүмкіндік берді. Оның 100 миллионын біз қазірдің өзінде пилоттарды оқытуға, авиасимуляторлар алуға, ұшақтарға мұздануға қарсы өңдеу машиналарын сатып алуға бағыттадық. Алматы мен Астанадағы ангарларымызды кеңейту де жоспарда. Бұл инвестициялар компанияның дамуына және ішкі қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған»,
Air Astana-ның қаржы жөніндегі атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел
Айта кетейік, Air Astana-ның бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасы (KASE), Astana International Exchange және Лондон қор биржасында (AIRA тикерімен) листингтен өтті. Компания 14 рет «Орталық Азия мен ТМД-дағы ең үздік авиакомпания» және 9 рет «Ең үздік қызмет көрсету» атағын Skytrax World Airline Awards нұсқасы бойынша жеңіп алды. FlyArystan үш жыл қатарынан «Орталық Азия мен ТМД-дағы ең үздік бюджеттік әуе компаниясы» атанған. Сонымен қатар, Air Astana APEX рейтингінде ірі әуе тасымалдаушылар арасында бес жұлдызға ие болған.