ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов Қарағандыда өткізілген көшпелі семинарда жаңа Салық кодексінде көзделген салық жүктемесін оңтайландыру тетіктері туралы айтып берді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл ретте Қаржы министрлігі «Атамекен» ҰКП қолдауымен 2026 жылы күшіне енетін реформаны түсіндіру мақсатында бизнес өкілдерімен бірқатар кездесуді көздеп отырғанын айта кетейік.
Жәнібек Нұржановтың айтуынша, жаңа Салық кодексінде нақты жүргізілген шығыстарды есепке алу есебінен салыққа салынатын базаны азайтуға мүмкіндік беретін корпоративті табыс салығына (КТС) байланысты шегерімдер қарастырылған. Бұған еңбек шығындары, негізгі құралдардың амортизациясы, маркетингтік науқандар, қызметкерлерді оқыту және басқа операциялық шығындар жатады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын, IT-сала мен арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) қатысушыларын қоса алғанда, экономиканың басымдыққа ие секторларында жұмыс істейтін ұйымдарды да КТС-нан босату көзделіп отыр.
Жеке тұлғалар үшін әлеуметтік төлемдер, өтемақылар және стипендиялар сияқты кірістердің жекелеген түрлеріне байланысты салық салудан босатуды көздейтін жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша жеңілдіктер қолданылады.
Қосылған құн салығын (ҚҚС) оңтайландырудың негізгі тетіктерінің бірі тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде төленген кірістен ҚҚС есепке алу болып саналады. Бұл шығыстар құжат түрінде және заң талаптарына сәйкес болған жағдайда бизнеске бюджетке төленетін салық сомасын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ҚҚС төлеуші ретінде дұрыс және уақтылы тіркелу қосарланған салық салуды болдырмауға әрі жеткізу тізбегінің барлық кезеңінде салық жүктемесін оңтайландыруға көмектеседі.
Кездесуде жаңа реформадағы аса маңызды өзгерістер қарастырылды: ескіру мерзімдерін қайта қараудан бастап міндеттемелерді орындаудың жаңа тетіктерін, тәуекелдерді басқару жүйесін, ҚҚС бойынша түзетулерді, есептіліктің жаңартылған түрлері мен тексерулердің заманауи тәсілдерін қоса алғанда, КТС есептеудегі өзгерістерге дейін.
«Ашықтық және салықты адал төлеу өте маңызды. Нақты және түсінікті ережелермен ғана бизнес өз кәсібін дұрыс жоспарлап, өсіп, дами алады. Экономиканың әр қатысушысы салық міндеттемелерін әділ түрде орындаған кезде баршаға тең бәсекелестікке жол ашылып, мемлекетке деген сенімді нығаяды және тұтастай еліміз орнықты дамуға түседі» Деп түйіндеді Ж.Нұржанов
Семинар барысында қатысушылар комитет өкілдеріне көкейкесті сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.