Freedom Holding Corp. 2026 қаржы жылының алғашқы тоқсанында жарты миллиард доллар табыс тапты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Freedom Holding Corp. жаңа қаржы жылын айтарлықтай серпінмен бастады. 2026 фискалдық жылдың алғашқы тоқсанында компанияның түсімі 533,4 млн АҚШ долларына жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 78,4 млн долларға немесе 17%-ға артты.
Иә, күнтізбе бойынша әлі 2025 жыл, бірақ халықаралық тәжірибеде жиі кездесетіндей, Freedom-ның қаржы жылы өз кестесімен жүреді: ол 1 сәуірде басталып, 31 наурызда аяқталады. Сондықтан сәуір-маусым аралығы компания үшін 2026 қаржы жылының бірінші тоқсаны болып саналады.
Өсімнің негізгі көздері
Түсімнің негізгі драйвері - бағалы қағаздармен операциялардан түскен таза пайданың артуы. Бұған қоса, зейнетақы аннуитеттері мен жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша жасалған шарттар санының өсуі арқасында сақтандыру сыйлықақылары көлемі көбейді. Басқа еншілес компаниялардағы тауарлар мен қызметтер сатылымы да оң үлес қосты.
Freedom Holding Corp.-тың таза пайдасы 30,4 млн долларды құрады, акцияға шаққандағы пайда - 0,51 доллар. Активтер көлемі 9,9 млрд доллардан 9,7 млрд долларға азайды, ал міндеттемелер 8,8 млрд доллардан 8,5 млрд долларға төмендеді.
Әлеуметтік жауапкершілік және спорт
Компания қоғамға да белсенді үлес қосуда. Демеушілікке бөлінген қаражат бір тоқсанда 6,5 млн долларға өсті. Бұл соманың елеулі бөлігі Қазақстанның QJ League жасөспірімдер футбол лигасын қолдауға бағытталды.
Клиенттік база: өсім экспонента бойынша
Freedom-ның клиенттік базасы рекордты қарқынмен ұлғайып келеді:
- брокерлік шоттар - 725 мың (+43 мың),
- сақтандыру клиенттері - 1,4 млн (+226 мың),
- банк қызметтерін пайдаланушылар - 3,0 млн (+412 мың).
Егер мұндай өсім сақталса, сақтандыру және банк сегменттері жыл соңына қарай дерлік екі есе ұлғаюы мүмкін.
Халықаралық мойындау
2025 жылғы 26 маусымда S&P Global Ratings холдингтің негізгі еншілес компаниялары - «Фридом Финанс» АҚ, Freedom Finance Global PLC, Freedom Finance Europe Ltd және «Фридом Банк Қазақстан» АҚ-тың рейтингтері бойынша болжамды «тұрақтыдан» «позитивтіге» өзгертті. Ұлттық шкала бойынша «Фридом Финанс» пен «Фридом Банк Қазақстан» рейтингтері «kzBBB»-тен «kzBBB+»-ке көтерілді.
Маңызды жаңалықтардың бірі - Freedom Holding Corp. акцияларының Russell 3000 индексіне қосылуы. Бұл индекс АҚШ-тың 3 019 ең ірі компаниясының динамикасын қадағалап, инвестицияланатын акциялар нарығының шамамен 98%-ын қамтиды. Өзгеріс 27 маусымда америкалық нарық жабылғаннан кейін күшіне енді.
Қарқынды экожүйе
Freedom Holding Corp. бүгінгі күні тек қаржы холдингі ғана емес, ауқымды экожүйе. Мұнда брокерлік және инвестициялық банкинг қызметтерінен бастап, сақтандыру, ипотека, телеком, онлайн билет сату және тіпті онлайн-супермаркетке дейін бар. Компания 22 елде жұмыс істейді, 10 мыңнан астам қызметкері бар және Nasdaq-тағы FRHC тикерімен әлемдік инвесторлардың назарында.