Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылына дайындықты тексеруде

1430
Фотосурет: Gov

Өңірлерде білім беру ұйымдарының 2025–2026 оқу жылына дайындығы тексеріледі, деп хабарлайды DKNews.kz.

ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын және білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық деңгейін бақылау үшін өңірлерге жұмыс топтары жіберілді.

2025–2026 оқу жылында шамамен 300 мың оқушы орнына арналған 200-ден астам жаңа мектеп ашу жоспарланған. Оның ішінде 206 мың орындық 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынады. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 15 апатты мектеп жойылып, үш ауысымды оқыту тоқтатылады, шамамен 150 мың орын тапшылығы қысқарады, сондай-ақ ауыл мектептеріндегі оқу жағдайы қалалық стандарттарға жақындайды.

Сонымен қатар 245 мектепте ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға шатырды ауыстыру, қасбеттер мен терезелерді жаңарту, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізу, мектеп ауласын абаттандыру және көгалдандыру кіреді.

Қосымша 1000 ауылдық мектепте жөндеу жұмыстары жүруде. Кітапханалар, асханалар, қауіпсіздік жүйелері жаңғыртылуда, жиһаздар жаңартылуда. Химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пән кабинеті сатып алынды.

Жұмыс сапарлары барысында министрлік өкілдері материалдық-техникалық базаның жағдайымен, атқарылған жұмыстардың сапасымен және Мемлекет басшысының білім беру саласындағы тапсырмаларының орындалуымен танысады.

«Білім беру саласындағы мемлекеттік бағдарламалар сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Ол үшін жергілікті жерлердегі нақты жағдайды білу, көру маңызды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлу қажет» Министр Ғани Бейсембаев

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -