Астанада энергетиканың негізгі нысандары тексерілді

1419
Фотосурет: UKIMET

Роман Скляр Астана қаласының энергетикалық инфрақұрылымы нысандарының жылу беру маусымына дайындық барысын тексерді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа жылу беру маусымы қарсаңында елордадағы негізгі жылумен қамту нысандарын аралап, жұмыс барысын тексерді.

Шараға энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, Үкіметтің, қала және аудан әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ энергетикалық компаниялар мен мердігер компаниялардың басшылары қатысты.

Сапардың мақсаты – энергетикалық инфрақұрылым нысандарының жылыту маусымына дайындық барысын тексеру, сондай-ақ жылу энергетикасы саласындағы стратегиялық инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын бақылау.

  • 2-ЖЭО – қаладағы ең үлкен жылу және электр энергиясы көзі 8 энергетикалық қазандық пен 6 ыстық су қазандығынан және 6 турбоагрегаттан тұрады. 2025 жылы станса жабдықтарын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге 7,3 млрд теңгеден астам қаржы, сондай-ақ инвестициялық бағдарлама бойынша 9,6 млрд теңге бөлінді. 2-ЖЭО-ның жалпы қолжетімді жылу қуаты 1917 Гкал/сағ, электрлік қуаты – 555 МВт.
  • 1-ЖЭО – мұндағы қолданыстағы жылу қуаты 794 Гкал/сағ, ал 2025 жылға күрделі және ағымдағы жөндеуге 1,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
  • «Тұран» ГЖС жылу тарату желілерін салу. Жылу магистралінің жалпы ұзындығы 15,2 шақырым, 2025 жылы инвестиция көлемі 18,8 млрд тенгені құрады.
  • Қуаты 80 МВА «Арай» қосалқы стансасының құрылысы, жоба 2025 жылы аяқталады.
  • Қуаты 620 Гкал/сағ «Тельман» ГЖС құрылысы, жобаны іске қосу 2026 жылдың соңына дейін жалғасуда. Құны – 76,8 млрд теңге.

Тексеру қорытындысы бойынша Роман Скляр барлық жөндеу-құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтаудың, сондай-ақ елорда тұрғындарын жылумен сенімді және үздіксіз қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Елорданы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету бес негізгі энергия көзінен жүзеге асырылады: 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО, «Тұран» ГЖС және «Оңтүстік-Шығыс» ГЖС. Жалпы қолжетімді жылу қуаты — 4104 Гкал/сағ. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы — 1047 шақырым, 14 сорғы стансасы және 2 жылу тарату пункті жұмыс істейді.

2025–2026 жылдарға арналған негізгі міндеттер – 2-ЖЭО кеңейту, «Тельман» ГЖС құрылысын аяқтау және «Оңтүстік-Батыс» 1 ГЖС жаңа нысандарын іске қосу. Негізгі жабдықтың тозуы 40%-ға жетеді, бұл инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңартуға жүйелі көзқарасты талап етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -