Ұлттық ұланның Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан Айбат Амановтың ата-анасы Ербол Аманұлы және Гүлназ Әлкенқызымен жүздесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиналғандар алдымен бір минут үнсіздікпен қызмет барысында қаза тапқан ұландық жауынгерлерді еске алды. Содан кейін батыр сарбаздың әкесіне сөз берілді.
Біздің баламыз әскерге дейін бір жыл бойы өзін-өзі дайындады. Армияға өз ықтиярмен барды. Ол офицер болсам деп армандады. Бірақ оттай жалындап тұрған ұлымызды сұм ажал арамыздан ерте алып кетті. Ол Отанын қорғау жолында ерлікпен қаза тапты. Тағдырға көнбеске амал жоқ. Ең бастысы қайғылы оқиғалар қайталанбасын, әр сарбаз үйіне аман-есен оралсын. Ел аман, жұрт тыныш болсын Деді батыр Айбаттың әкесі Ербол Аманұлы
Сондай-ақ, Айбат Амановтың анасы да жауынгерлер алдында сөз сөйледі.
Кез келген жерде болсын Ұлттық ұлан сарбазын кезіктіргенде ұлымды көргендей боламын. Әрқашан сендердің амандықтарыңды тілеп жүрген ата-аналарыңның көңілін қалдырмаңдар. Аналарыңа мүмкіндік болған кезде жиі-жиі хабарласып тұрыңдар. Менің Айбатым сендер секілді жауынгер болып, антына адалдық танытты. Ол маған жиі еркелейтін, жиі хабарласатын. Соңғы рет өмірден өтер алдында, яғни Жаңа жыл күні сөйлестік. Сонда батыр ұлымның дауысын ең соңғы рет естіген екенмін Гүлназ Әлкенқызы
Шара барысында Айбат Аманов туралы деректі фильм көрсетілді.
Ұлттық ұлан сарбаздары әрқашан елдік пен ерліктің асқан үлгісін көрсетіп келеді. Сіздердің ұлдарыңыз - Отан үшін жанын пида еткен сарбаздарымыздың бірі. Оның антқа адал, сөзге берік нағыз жауынгер болғанын білеміз. Сондықтан осындай азаматты өмірге әкелген сіздердің алдарыңызда бас иіп, алғысымызды білдіреміз 5573 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Аслан Оразалин
Жүздесу кезінде қатардағы сарбаздар құрметті қонақтарға алғыс білдірді. Осыдан кейін әскери бөлімнің командирі полковник Жандар Әшірбеков батырдың ата-анасына құраманың ғимараттары мен нысандарын таныстырды.