Абай тойындағы алтын жүлде

1375
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Семей төрінде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ересектер арасындағы қазақ күресінен Қазақстан кубогы мәресіне жетті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Байрақты бәсекеде еліміздің барлық өңірлерінен және күштік құрылымдардан келген таңдаулы балуандар белдесті. 82 келі салмақ дәрежесінде ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 6655 әскери бөлімінің ефрейторы Азат Советұлы Куанов қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Шеберлік пен төзімділікті үйлестірген ол күштік құрылымдар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионы нормативін орындап, алтыннан алқа тақты.

— Бұл медаль мен үшін жай ғана жүлде емес, — дейді Азат Куанов. — Бұл — әскери қызметшінің сапта ғана емес, спортта да шынығып, мықты бола алатынын дәлелдеу. Менің әр жеңісім — елге, ата-анаға, қызметтестеріме деген алғысым. Бұл жолғы бәсеке өте тартысты өтті, бірақ сенім мен дайындық жеңіске жеткізді.

Әскери бөлім басшылығы балуанның жеңісін жақсы дайындық пен темірдей тәртіптің жемісі деп бағалады.

— Біз өз жауынгеріміздің жетістігіне шын жүректен қуаныштымыз, — дейді бөлімнің дене даярлығы және спорт бастығы лейтенант Бердібек Әбдікерей.

— Оның жеңісі — жеке құрамға үлгі, алға жетелейтін өнеге. Азат Советұлының бұл жетістігі — жеке спорттық жеңіс қана емес, сонымен бірге Ұлттық ұланның жоғары жауынгерлік және спорттық даярлығын, ел намысын абыроймен қорғап жүргенін айғақтайтын жарқын нәтиже.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -