Астанада New Vision 2025 форумының презентациясы өтті. Іс-шарада Алматыда өтетін жиынның негізгі форматы таныстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
New Vision Forum-ның негізгі миссиясы - кәсіпкерлер мен бизнесті шабыттандырып, байланыстыру және дамыту.
Еуразияның жетекші бизнес іс-шарасы биыл күзде, 9-11 қазан аралығында Алматыда өтеді. Басты тақырып – «Болашаққа дайын: 2026 жылғы серпінді стратегиялар».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, New Vision Forum - Еуразияның жетекші бизнес іс-шарасы, мұнда көшбасшылар мен жаңашылдар болашақты қалыптастырады.
New Vision Forum негізін қалаушы және бас директоры Мақсат Құрбенов Алматыда өтетін ауқымды іс-шараға әлемнің жетекші бизнес-сарапшылары қатысатынын хабарлады.
Бүгінгі мақсатымыз – үлкен New Vision форумының презентациясын жасау. Біз мұндай кездесулерде таңертеңгі уақытта мотивациялық мастер-класстар ұйымдастырып, қатысушыларды энергиямен зарядтауға тырысамыз. Айтпақшы, бізге өте мықты, аңызға айналған спикер келе жатыр. Оны шақыруға 7-8 жыл бойы тырыстық. Ол әлемдегі топ-50 миллиардердің жеке кеңесшісі. Оның ең белгілі кейстерінің бірі – Джефф Безос. Егер оның өзгерісін бақылап жүрген болсаңыздар, ол бұрынғыдай жай ғана IT маманы емес, нағыз спорттық формадағы, өзіне сенімді тұлғаға айналғанын байқаған боларсыздар. Міне осы кәсіпкердің бизнес-кеңесшісі – Джулиан Трежер. Ол Орталық Азияға алғаш рет келмек, - деп айтты ол.
Джулиан Трежер – қарым-қатынас пен әсерлі сөйлеу шеберлігі бойынша әлемге танымал сарапшы.
Сонымен қатар танымал сарапшылардың қатарында Робин Шарма да бар. Ол – лидерлік жөніндегі сарапшы, бестселлер авторы және Sharma Leadership International компаниясының негізін қалаушы.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, New Vision Forum-да кәсіпкерлер үшін түрлі шеберлік курстары ұйымдастырылады.
New Vision Forum идеясы қайдан шықты?
Пандемиядан кейін әлем күрт өзгерді. Технологиялар бірінен кейін бірі дамып жатыр. Соңғы жылдары жасанды интеллект біздің өмірімізге мықтап енді. Биыл ол тіпті өзіне ұқсас басқа жасанды интеллектілерді жасай бастады. Бұрын адам ғана адамды жасай алса, қазір технологияның өзі жаңа технологияны тудыра алатын деңгейге жетті. Жылдам дамып жатқан компаниялар одан әрі жылдамдайды, технология секторы өседі, ал дәстүрлі бизнес керісінше баяулайды. Бірақ осы қарқынды өзгерістің ішінде ең баяу өзгеретін нәрсе - адамның ойлау жүйесі, - дейді Мақсат Құрбенов.
Оның айтуынша, форумның миссиясы - кәсіпкерлердің ойлауын жаңарту, оларды шабыттандыру, байланыстыру және дамыту. Өйткені кәсіпкерлер - экономиканың және елдің өсуінің негізгі қозғаушы күші.
2025 жылғы форумнан күтілетін нәтиже: 7 000-нан астам кәсіпкер, 10 000 қонақ, 100-ден астам компания қатысатын ауқымды көрме, Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін 100-ден астам жаһандық спикер - ірі кәсіпкерлер, Қазақстанда 5 000 кәсіпкердің әрқайсысында 20–50 адамнан тұратын командасы болса, бұл шамамен 250 000 адамның дамуына ықпал етеді. Бұл - үлкен өзгерістердің бастауы бола алатын маңызды қадам, - деп түсіндірді спикер.
New Vision 2025 форумының презентациясына елордалық кәсіпкерлер қатысты. Оларға жиын алдында «Евразия» бірінші арнасының жүргізушісі, шешен және көпшілік алдында сөйлеу дағдылары бойынша жаттықтырушы Талғат Байгожинов шеберлік сағатын өткізді.
Көшбасшының дауысы - оның беделінің айнасы. Әдемі, қоңыр, бедерлі дауыспен анық та баяу сөйлеп, орынды пауза жасап, екпін қоя білетін, сөзін “судан” тазартқан адам ғана шынайы көшбасшы атана алады. Сондықтан дауысыңызға, қарым-қатынас мәнеріңізге, ең бастысы, өзіңізді кеңістікте қалай ұстайтыныңызға назар аудару өте маңызды, - дейді жаттықтырушы.
Ал «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының кеңесшісі Қанат Алин мемлекет пен бизнес, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынас, және осы диалогты құрудағы «Атамекен» палатасының рөлі жайлы айтып берді.
Қазіргі заманғы мемлекет мықты бизнессіз тиімді бола алмайды; бизнеске ашық әрі түсінікті ережелер қажет, ал экономиканың өсуі мен серіктестікті дамыту үшін мемлекет пен бизнестің арасында конструктивті диалог болуы шарт. Бизнеске мемлекетпен тікелей сөйлесетін нақты алаң мен сенімді серіктес керек. Сол мақсатта 2014 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылып, шағын және ірі бизнес өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Алғашында «бұл не үшін қажет?» деген сұрақтар көп болды, бірақ уақыт көрсеткендей, нәтиже бар: мемлекетпен қарым-қатынас орнап, нақты шешімдер қабылданды. «Атамекен» - бизнес пен мемлекет арасында ашық диалог алаңы, - дейді Қанат Алин.
Оның айтуынша, соңғы екі жылда «Атамекен» үлкен трансформация өтті. Мысалы, бұрын жабықтау болған құрылым қазір барлық кәсіпкер үшін ашық. Енді кез келген кәсіпкер өңірлік кеңестер мен салалық комитеттердің жұмысына қатыса алады.
Айта кетейік, New Vision 2025 форумының негізгі бағдарламасымен ресми сайттан танысуға болады.