2025 жылы 93 мыңнан астам студент грант алды
Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 16 мамырдан 10 шілдеге дейін 46 өңірлік тестілеу орталықтарының базасында өткізілгенін хабарлады, деп хабарлайды DKNews.kz.
UKIMET
Оған 210 мыңнан астам талапкер қатысқан, оның ішінде 160 мың адам немесе 76,35%-ы ҰБТ шекті балын еңсерген.
«2025 жылы мемлекеттік білім гранттарының конкурсына 113 мыңға жуық өтінім берілді. Биыл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 93 мыңнан астам грант бөлінді, оның ішінде 77 мыңнан астам грант жоғары білім алуы үшін бөлінді. Конкурс қорытындысы бойынша гранттар 99% көлемінде игерілді. Студенттерді қолдаудың қосымша шаралары да қарастырылған, бұл – 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайтылған студенттердің стипендиясы, сараланған гранттар, биылғы жылы “Келешек” Бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілді. Биыл да жылдағыдай мемлекеттік гранттардан басқа 5 мыңға жуық грант бөлінетінін атап өткім келеді, олар әкімдіктердің, жұмыс берушілердің, әртүрлі қорлар мен ректорлар бөлетін гранттар» Саясат Нұрбек
Ведомство басшысының сөзінше студенттер үшін оқу жылының басында маңызды мәселелердің бірі – жатақханаға орналасу. Жалпы өткен оқу жылында жатақханаға деген тапшылық Астана және Алматы қалаларында ғана байқалды. Министр биыл Алматы қаласының жоғары оқу орындарынан басқа өңірлерде жатақханаға деген тапшылық жоқ екенін атап өтті. Сондай-ақ осы жылы 10 439 орындық 29 жатақхананы іске қосу жоспарланған.
«Студенттердің оқу жылының басында көптеп келуі, әсіресе Алматы және Астана қалаларында күтілгендіктен, Министрлік ахуал, дағдарыс орталықтарын ұйымдастырды. Биылғы жаңа оқу жылында ахуалдық орталық Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінде, дағдарыс орталығы М. Тынышпаев атындағы көлік және логистика университетінде орналастырылды. Ахуалдық орталық студенттерді жатақханалардағы орындар туралы хабардар етеді, дағдарыс орталықтар форс-мажорлық жағдайларда тұрғын орынмен қамтамасыз етеді. Республикалық ахуалдық орталықта 10 адам студенттер мен олардың ата-аналарына жатақханалар, ЖОО қабылдау туралы ақпарат ұсынса, дағдарыс орталығында 55 орындық жатақхана резервте тұр. Сондай-ақ, барлық жоғары оқу орындарында көмекке мұқтаж студенттерді қолдау үшін ахуал орталықтары, жоба кеңселері жұмыс істейді» Саясат Нұрбек
Сонымен қатар министр жатақханаға орналасу үшін берілетін өтініштің форматы оңтайландырылғанын, өткен жылдан бастап студенттерге жатақхана беру қызметі автоматтандырылған проактивті форматқа көшірілгенін айтты.
Проактивті форматты іске асыру үшін «Smart Data Ukimet» жүйесі мен «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесі кіріктірілген.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік қызметтерді алушы негізгі тұлға – талапкер мен студенттің айналасында біртұтас цифрлық экожүйе құруда. Бұл экожүйе талапкердің Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырған сәтінен бастап, диплом нөмірінің онлайн-генерациясына дейін үдерісін қамтиды. Студенттер мен түлектер туралы барлық деректер Жоғары білімнің бірыңғай платформасында жинақталады. Бұл деректер басқа мемлекеттік органдар үшін эталонды болып саналады.
«Жаз айларында жоғары оқу орындарының 58 нысаны күрделі жөндеуден, 560-тан астам нысан ағымдағы жөндеуден өткізілген. Барлық жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар оқу ғимараттары мен жатақханаларда бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл түймелері, өртке қарсы құралдар орналастырылған. 80-нен астам университеттің нысандарында террористік қауіпсіздік паспорттары бекітілген, сондай-ақ, лицензиясы бар күзет агенттіктерімен келісімдер жасалған. Жаңа оқу жылына дайындық жоспарлы және жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар үнемі Министрліктің бақылауында» Саясат Нұрбек