MIT Қазақстан мектеп бағдарламасына жасанды интеллектті енгізуге көмектеседі

979
Фотосурет: UNICEFKazakhstan/2023/GalinaSorokina

Президенттің цифрландыру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде қазақстандық мектептерде ЖИ оқыту іске қосылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев еліміздің әрбір оқушысы заманауи технологияларға, білім мен даму мүмкіндіктеріне тең және сапалы қолжетімділікке ие болуы үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады.

UKIMET

Қазақстанда – 8 042 мектеп бар, олардың 7 917-сі қазірдің өзінде интернетке қосылған. Оның ішінде талшықты-оптикалық байланыс (ТОБ) арқылы – 4 663 мектеп, басқа технологиялар бойынша – 3 254 мектеп. Осы 3 254 мектептің ішінен 450-ге дейінгі мектепті, талшықты-оптикалық байланыс елді мекенге дейін жеткізілгендіктен, «соңғы мильді» салу арқылы қосуға мүмкіндік бар.   

«Сондай-ақ Министрлік пен "Қазақтелеком" арасындағы Инвестициялар туралы келісім аясында, 2025–2026 жылдары серіктес есебінен 2 010 мектепке талшықты-оптикалық байланыс жеткізіледі. Жобаны іске асырудың қорытындысында барлық мектептерде жоғары жылдамдықты интернет қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік қолдау шараларының нысаналы әрі ашық болуын қамтамасыз ету үшін пилоттық режимде «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізілді. Аталған жобадағы алғашқы бағыт - оқушыларды тегін және жеңілдетілген тамақпен қамтамасыз ету. 6 943 мемлекеттік орта білім беру мектебінің ішінде қазіргі таңда 2 369 мектеп заманауи автоматтандырылған бақылау пункттерімен (АБП) толық жабдықталды. Ал 3 950 мектепте, жобалық қуаттылықты ескере отырып, "Бизнес әмиян" енгізілді – бұл оқушыларға ыстық тамақ жеткізілуін есепке алу және бақылау үшін енгізілген арнайы қосымша. Осылайша eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы ата-аналар баласының ыстық тамақ алғанын нақты уақыт режимінде тексеріп, мәзірді көре алады және пікір қалдыра алады» Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев

Сонымен қатар министр болашақта «Әлеуметтік әмиян» төмендегідей бағыттарды қамтитынын атап өтті.

  • мектепке дейінгі, орта және қосымша білім беру қызметтері;
  • лагерьлерге жолдамалар;
  • жатақханалардағы орындар және мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлері.

Осыған байланысты балалар жаңа оқу жылында бұл мүмкіндіктерге ие болуы үшін өңір әкімдері барлық мектептерді аппараттық-бағдарламалық кешенмен жабдықтау жұмыстарын жеделдетуі қажет.

Министрдің мәліметінше Массачусетс технологиялық институтымен бірлесіп, мектеп бағдарламасына жасанды интеллект енгізу бастамасы қолға алынған. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады.

Бірінші кезең – 1-4 сыныптарда цифрлық сауаттылық сабақтарына жасанды интеллекті енгізу. Day of AI-дың тегін контенті пайдаланылады – ұзақтығы 30-60 минуттық, мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықтары және оқушыларға арналған материалдары бар интерактивті сабақтар. Контент қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болады.

Келесі қадам – бағдарламаны 1–12 сыныптарға дейін кеңейту. Бұл барлық оқушыларды – бастапқы деңгейден бастап, жасанды интеллектіні меңгерудің жоғары деңгейіне дейін толық қамтуды қамтамасыз етеді. Аталған бағдарлама неғұрлым мұқият бейімдеуді қажет ететіндіктен, екінші кезеңде іске қосылады.

«Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне Day of AI бағдарламасын мектеп білім беру жүйесіне міндетті білім беру бағдарламасы ретінде енгізуді ұсынамыз. Мамыр айында Цифрлық даму министрлігі Оқу-ағарту министрлігі және Спорттық бағдарламалау федерациясымен бірлесіп, 9–12 сынып оқушыларына арналған алғашқы Республикалық жасанды интеллект олимпиадасын ұйымдастырды. Олимпиадаға еліміздің барлық өңірлерінен 683 оқушы қатысты. Көшбасшылар ретінде Алматы, Астана қалалары, сондай-ақ Ақмола және Түркістан облыстары анықталды. Финал қорытындысы бойынша 12 үздік оқушы оқу-жаттығу жиындарына іріктелді. 8 адамнан тұратын екі ұлттық команда жасақталып, олар Пекиндегі Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында Қазақстан намысын қорғады. Пекинде өткен Халықаралық олимпиада қорытындысы бойынша, біздің команда 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль, сондай-ақ 1 мадақтама иеленді. Алтын медаль саны бойынша бейресми жалпы есепте Қазақстан Польша, Үндістан және Вьетнаммен бірге екінші орынды бөлісті» Жаслан Мәдиев

Бұл саланы ұзақмерзімді және тұрақты дамыту үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Астана мен Алматы қалаларында TUMO креативті технологиялар орталықтарын ашады.

Министрдің сөзінше оқыту тегін, емтихансыз және іріктеусіз жүргізіледі. Бағыттар саны – 11: 

  • бағдарламалау 
  • робототехника 
  • генеративті ЖИ 
  • графикалық және веб-дизайн 
  • анимация 
  • 3D модельдеу 
  • музыка және тағы басқалар.

Осындай орталықтар Париж, Берлин, Лиссабон және Цюрих қалаларында да жұмыс істейді. Министрлік жыл сайын екі қалада 10 000-нан астам оқушыны қамтып, олардың заманауи цифрлық дағдыларын қалыптастыруды жоспарлап отыр.

«Ұсынылған жобалар мен бастамалар – әрбір баланың білім алу және даму мүмкіндіктерін теңестіруге бағытталған қадамдар. Біз заманауи цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру, білім беру жүйесіне озық технологияларды енгізіу жұмыстарын жалғастырамыз» Жаслан Мәдиев

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -