Жамбыл облысында орналасқан «Балауса» шығармашылық ұжымының акробаттары бүгінде Ұлттық ұлан сапында әскери борышын өтеп жүр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шымкенттегі 6698 әскери бөлімінің сарбаздары Арман Қайырбаев пен Азизбек Қалмағанбетов — өнерде жұп, өмірде дос, ал әскерде қарулас. Екеуін табыстырған орта – сахна. Енді олардың арасындағы байланысты Отан алдындағы міндет нығайта түсті.
Арман Ғабитұлы балалық шағынан бастап гимнастикамен айналысып, жеті жасында өнер жолына қадам басқан. Ол акробатика қыр-сырын меңгеріп, 13 жасында-ақ кәсіби шығармашылық ұжымның мүшесіне айналған.
Ал Азизбек Сағидуллаұлы «Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып жүрген. Бос уақытында өнер ордасында жұмыс істеп, сол жерде Арманмен танысқан. Содан бері екеуі жұптасып өнер көрсетеді.
– Мен 13 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келемін. Азизбекпен бес жылдан бері етене араласып, бірге өнер көрсеттік. Енді, міне, әскерде де бір сапта тұрмыз. Өнеріміздің арқасында әскери қызмет атқару қиынға соқпайды. Бұған акробатикамен айналысқан тәжірибеміз оң әсерін тигізді, – деді қатардағы Арман Қайырбаев.
Шығармашылық ортада үйренген тәртіп пен дайындыққа деген жауапкершілік екі жігіттің әскери өмірге тез бейімделуіне ықпал еткен. Әскерге шақырту келгенде, олар көп ойланбастан азаматтық борышты бірге өтеуге шешім қабылдайды. Азизбек оқудан академиялық демалыс алып, қатарлас досымен бірге сап түзегенді жөн көреді.
Осылайша, өнер жолында шыңдалған ептілік пен төзімділік, сахнадағы сенім мен серіктестік — олар үшін елге қызмет ету жолында маңызды қасиеттерге айналды.