Астанға Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен өтетін әлем біріншілігіне қатысу үшін дүниенің төрт бұрышынан балуандар жиналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ҚР Қорғаныс министрлігінің Аппарат басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы әлемнің 24 елінен келген делегация басшыларымен және спорт төрешілерімен ресми кездесу өткізді.
Ол ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілген Қазақ күресінен өтетін халықаралық жарысқа қатысуға шақыруға жауап берген әлем армиясының өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Отырыста CISM жарыстарының бас төрешісі Эдмар Абдулаев қатысушыларды чемпионаттың ережелерімен таныстырды.
Ал Qazaq Kuresi қауымдастығы спортшыларды ұлттық жекпе-жек түрінің техникасымен таныстыру мақсатында шеберлік сабағын ұйымдастырды.
Жекпе-жек ерлер арасында (55 келі, 60 келі, 66 келі, 74 келі, 82 келі, 90 келі, 100 келіге дейін және одан жоғары) және әйелдер арасында (48 келі, 52 келі, 56 келі, 60 келі, 65 келі, 70 келі, 77 келіге дейін және одан жоғары) 16 салмақ дәрежесі бойынша өтетінін естеріңізге саламыз.
Әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен I-ші әлем чемпионатының салтанатты ашылуы 2025 жылғы 14 тамызда өтеді.