2025 жылдың 11–13 тамызы аралығында UMC Жүрек Орталығында Қазақстандағы интервенциялық кардиологияны дамытуда тарихи қадам болған маңызды оқиға өтті. Қытайдың Ұлттық жүрек-қан тамырлары аурулары орталығының жетекші маманы, профессор Сянбин Паньнің жетекшілігімен қазақстандық интервенциялық кардиологтар Pan (перкутациялық және флюороскопиясыз) инновациялық әдісін меңгерді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл процедура жүректің туа біткен ақауларын аз инвазиялық тәсілмен — арнайы катетерді сан артериясы арқылы енгізу арқылы емдеуге мүмкіндік береді. Катетердің ұшына окклюдер бекітіліп, бүкіл процедура рентген аппаратын қолданбай, УДЗ құрылғысының көмегімен бақылаумен жүргізіледі. Бұл дегеніміз – пациент пен медицина қызметкерлері радиациялық сәулеленуден толық қорғалған, процедуралар жалпы анестезиясыз өтеді, ал қалпына келу уақыты өте қысқа.
Әдістің басты артықшылығы — оның мобильділігінде. Операцияны өткізу үшін шағын ультрадыбыстық аппарат жеткілікті, оны елдің кез келген жеріне оңай жеткізуге болады. Бұл қымбат ангиографиялық кешендер жоқ аймақтарда да жоғары технологиялық операцияларды жүргізуге жол ашады, яғни енді пациенттер көмек алу үшін астанаға немесе ірі облыс орталықтарына жүздеген шақырым жол жүрудің қажеті жоқ.
Үш күндік шеберлік сабағы барысында қазақстандық дәрігерлер профессормен бірге 25 процедура жасады, оның 15-і балаларға жүргізілді. Бірінші күні-ақ 8 операция орындалса, екінші күні 10-нан астамы жоспарланған. Екінші операциядан кейін біздің мамандар жаңа әдісті өз бетінше қолдана бастады, бұл UMC Жүрек Орталығы командасының кәсібилігі мен бейімделу деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.
«Бүгін біз тек жаңа технологияны меңгеріп жатқан жоқпыз – біз болашақ медицинасын қалыптастырып жатырмыз, онда инновациялар әрбір пациент үшін қолжетімділік пен қауіпсіздікпен үйлеседі», — деді UMC Жүрек Орталығының интервенциялық кардиологы Ерік Отарбаев
Айрықша атап өтетін жайт — жүрекшелер арасындағы перде ақауын жабу үшін қолданылатын толығымен еріп кететін окклюдерлерді қолдану. Бұл импланттар бір жылдың ішінде ағзада толық ериді, дені сау жүректі сақтап, оның әрі қарай дамуына кедергі келтірмейді. Бұл кішкентай пациенттер үшін тек аурудан құтылу ғана емес, толыққанды, белсенді өмір сүру мүмкіндігін білдіреді.
Бұл технологияны енгізу — тек астаналық орталықтарда медициналық көмектің сапасын арттыру ғана емес, сонымен қатар өңірлерде интервенциялық кардиологияны дамытуға стратегиялық мүмкіндік. Шеберлік сабағына еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген алты маман қатысты. Бұл өте маңызды, себебі жүрек-қан тамырлары аурулары елдегі өлім-жітім себептерінің бірі болып қала беруде.