Қазақстан қазақ күресінен әлем чемпионатында триумфалды өнер көрсетті

1254
Фотосурет: Gov

8 алтын, 6 күміс және 2 қола: Қазақ күресінен әскерилер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үздік шықты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Халықаралық әскери спорт кеңесінің (Conseil International du Sport Militaire) қолдауымен ұйымдастырылған ауқымды спорттық турнир 14–15 тамыз күндері елордадағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде өтті.

Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Өзбекстан құрамасы екінші орыннан көрінсе, үздік үштікті Ресей командасы түйіндеді.

Жаһандық доданың жабылу салтанатында CISM президенті, полковник Ролим Фильо Нилтон Гомес жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және спортшылардың тамаша дайындықпен келгенін атап өтті.

Ерлер арасында Қазақстан палуандарынан Бекжан Төлепов (55 кг), Ернұр Сүлеймен (60 кг), Сағындық Әшім (66 кг), Жұмажан Қожамбеков (74 кг) және Ғалымжан Қырықбай (100 кг-дан жоғары) және ресейлік Глеб Голов (82 кг) мен Владимир Досяк (100 кг), өзбекстандық Омар Бозоров (90 кг) чемпион атанды.

Әйелдер арасында отандық спортшылардан Айжан Жылқыбаева (48 кг), Рауза Нұрмұхаметова (56 кг) және Ақерке Рамазанова (77 кг-дан жоғары) топ жарса, өзбекстандық Ситора Ильмуродова (52 кг) мен Шахноза Бозорова (77 кг), ресейлік Валентина Остапец (60 кг) мен Дарья Кузмичева (65 кг) жеңімпаз атанды.

Айта кетейік,  биыл «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң күшіне енді. Соның аясында елімізде ресми тіркелген 11 ұлттық спорт түрі басым спорт түрлері қатарына енгізілді. Осылайша, биылдан бастап төл спортымыз заң аясында ерекше мәртебеге ие болып, жаңа деңгейде дамуға мүмкіндік алды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -