Батыс Қазақстан облысында ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Сала жүйелі нәтижелерге қол жеткізіліп келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Облыс көлемінде түрлі деңгейдегі жарыстар тұрақты түрде өткізіліп, ұлттық мұраны ұлықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының чемпионаттарын өткізу арқылы жас спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру ісі де жолға қойылды. Өңір әкімдігің қолдауымен жас спортшылардың үздіксіз жаттығу жасауына қажетті жағдайлар жасалуда.
Қазірдің өзінде садақ, жебелер, мен жаттығу жасауға қажетті муляждар мен басқа да құрал-жабдықтар сатып алынды. Соның арқасында жаттығу процесінің сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен оқу-жаттығу жиындары тұрақты түрде ұйымдастырылып, спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарға жүйелі түрде қатысып келеді. Ұлттық спорт түрлерінде жарқырап көзге түскен өңір мақтаныштары да аз емес.
Атап айтқанда, тоғызқұмалақшы Самира Оразмұқанбет әлем чемпионы атанса, Нұрдәулет Галлемов, Серік Бекнұр және Альбина Ешмұқан сынды дарындар елішілік додаларда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Жамбы атушылар да түрліжарыстарда сәтті өнер көрсетіп жүр. Аружан Ықсан жастар, Гүлхан Тезекбаева жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары атанды.
Қазақ күресі де кенде қалған жоқ. Бұл ұлттық спорт түрінде Айсұлу Сарсенова өзінің шеберлігін дәлелдеп, ел біріншілігінде топ жарды. Сонымен қатар, Эльнар Жанболатұлы мен Миразат Айболат та ҚР чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. Соңғы уақытта дәстүрлі садақ ату спортында батысқазақстандық спортшылар зор табыстарға қол жеткізуде. Ляйсан Назарова, Әміржан Асылжанұлы мен Мәдина Мұханғалиева сынды мергендер ұлттық мұрамызды дәріптеумен қатар, өз шеберліктерін биік деңгейде таныта білді.
Бір сөзбен айтқанда, облыста ұлттық спорттың дамуына жан-жақты жағдай жасалып, жас ұрпаққа рухани тәрбие берудің маңызды құралы ретінде кеңінен насихатталуда.