Әскерилер сарбаздардың ата-аналарымен дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шымкент қаласының Жастар сарайында Шымкент пен Түркістан облысында орналасқан әскери бөлімдердің командирлері, қалалық және облыстық қорғаныс істері департаменттерінің басшылары, әскери полиция бөлімінің бастығы, мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаздардың ата-аналары, сондай-ақ республикалық «Сарбаз аналар комитеті – Аналар жүрегі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Шарифа Муминова қатысқан дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара мерзімді әскери қызметтің өту жағдайлары, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайы және бөлімдер командованиесі мен сарбаздардың отбасылары арасындағы өзара байланыстарды нығайту мәселелерін талқылауға арналды.
Шымкент гарнизонының бастығы подполковник Сергей Бибулатов дөңгелек үстелге қатысушыларға арнаған сөзінде қоғамның әскерге деген сенімін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, ата-аналардың әскерге шақырылушылардың моральдық-патриоттық қасиеттерін қалыптастырудағы рөлін ерекше көрсетті:
"Әскери қызметшілердің отбасылары бөлімдердің өміріне белсенді араласқаны маңызды. Ата-аналардың қолдауы сарбаздарды тәрбиелеуде және әскери қызметтің беделін көтеруде шешуші рөл атқарады" Сергей Сергеевич Бибулатов
Кездесу барысында жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері мен әскери бөлім командирлері сарбаздарды заттай мүлікпен және азық-түлікпен қамтамасыз ету, әскерге шақырудың ашықтығы, мерзімді әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау, олардың білім алу мүмкіндіктері, сондай-ақ моральдық-психологиялық қолдау мәселелеріне арналған баяндамалар жасады.
«Сарбаз аналар комитеті – Аналар жүрегі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Шарифа Муминова дөңгелек үстел барысында сөз сөйлеп, ата-аналардың сенімі мен командованиенің ашықтығы әскердің беделіне тікелей әсер ететінін атап өтті:
"Әскердегі қызмет қауіпсіз, әлеуметтік тұрғыдан қорғалған және беделді болуы тиіс. Жастар әскерге ықыласпен баруы қажет, ал олардың отбасылары балаларын сенімді қорғауда екеніне көз жеткізуі керек" Шарифа Муминова
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар мерзімді әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайын нығайтуға бағытталған жүйелі диалог пен бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін растады.