1012
Фотосурет: Gov

28 маусымда Талас ауданындағы Бостандық ауылында ерекше мазмұнға толы, салт-дәстүр мен рухани тәрбиені ұштастырған тағылымды еске алу жиыны өтті.

Әбу ақсақалдың шаңырағында Тұрсынкүл ананың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған ас берілді. Осыған арнайы шақырылған қонақтардың бірі ретінде мен де шараға қатысып, рухани байып, ұлттық болмысымыздың биігін тағы бір мәрте бағамдадым.

Жиналған қауымды бірінші көз тартқаны – ұқыпты дайындалған әулет пен дастарқан басындағы жарасымдылық. Микрофоннан айтылған «Жекжаттар бірінші үстелге, ауыл адамдары шеткі үстелге, алтын құрсақты аналар ортадағы үстелге жайғасыңыздар» деген сыпайы үн іс-шараның қаншалықты мұқият әрі ұлттық нақышта ұйымдастырылғанын аңғартты.

Еске алу кешін жүргізген Тұрсынкүл ананың немересі, Болаттың тұңғышы Мақпал. Есімін Тұрсынкүл әжесі өнерлі болсын деп әнші Мақпал Жүнісоваға ұқсатып қойған екен. Осы тағылымды кешті бастар алдында Мақпал әулеттің ең үлкен жиеі Олжас Отар сөзін жазған, Тоқтар Серіктің «Асыл әжем» әнін нақышына келтіріп шырқап, көпшіліктің көңілін босатты.

«Маңдайымнан бір иіскесең аялап, Сірә менің болмас еді-ау арманым...» – деген жолдар анаға деген махаббат пен сағыныштың мәңгілік екенін айғақтағандай.

Іс-шара барысында отбасы мүшелерінің қажылық парызын өтеп келгені де айтылды. Тұрсынкүл ананың балалары Фатима, Асангелді, Мұрат,  немерелері Олжас, Ильяс, Әсия, Еңлік, Жандос – қасиетті мекенге барып, парызын өтеп келген жандар. Немерелер Тұрсынкүл анаға арнап алты Құран қатым түсіргенін хабарлады.

Әулеттің үлкені Болат сөз сөйлеп, асқа жиналғандардың алдына бата берсе, Мұраттың ұлы Мұхамедәли Құран оқыды. Артынша ауыл ақсақалдары – Бодаубек аталар мен Жаңабай би Тұрсынкүл мен Әбудің өнегелі өмір жолын еске алды. Қымыз салу, түйе сауу секілді қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрін ұлдары Марат пен Мұраттың жалғастырып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне қосып жатқан үлесі де ерекше атап өтті.

Жиын ортасында «Қонақ кәде» ретінде қойылған сұрақтар – көптің ойына ой салды. Қамшыны керегенің басына екі бүктеп ілу, ал салбырата ілудің қаралы белгі екені туралы айтылғаны – көпшілік үшін тың мағлұмат болды. «Төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылсын» деген тілекпен өрілген ескі сөздер жаңа буынның санасына сіңді.

Кеш барысында аналар киім киісінен бастап, салтқа деген құрметімен де ерекшеленді. Әулеттің үлкен қызы Фатима Астанадан арнайы тігіп әкеген кимешектерін алтын құрсақты аналарға сыйға тартты. Осылайша, салттың сәні мен мағынасы қайта жаңғырды.

Сөз кезегі жиендер мен немерелерге берілгенде, әрқайсысы естелік сыйлықтарын ұсынды. Қағба бейнесіндегі шам, шежірелік фотоальбом, отбасылық кітап табысталды. Олжас ақын арнау айтып, жастар күй тартып, ән салып, қазақтың рухани құндылықтарының тірі екенін тағы бір дәлелдеді.

Бұл еске алу шарасы тек ас беру рәсімі ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын ұлықтаған үлкен тәлім-тәрбие мектебі іспетті. Дәстүр мен діннің ұштасқан, салт пен сана сабақтасқан жиын ұлттың рухы мен болмысы биіктете түсетіні анық.

Света Шағатаева

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -