Қазақстан жануарлардың негізгі аурулары бойынша ХЭБ-тің халықаралық мәртебелерін алды

902
Фотосурет: UKIMET

Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.

18 тамыз күні Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында ветеринарлық және фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде үй жануарлары қауіпті ауруларының жаңа ошақтары санының тұрақты төмендеу үрдісі байқалады. Жыл басынан бері 8 түрлі ауру бойынша 58 ошақ анықталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,4%-ға аз.

Биологиялық қауіпсіздік деңгейінің артуы қазақстандық агроөнімнің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге тікелей әсер етті. 2024–2025 жылдары ҚХР, Ресей, Беларусь, Армения, Түркия тарапынан қойылған шектеулер алынып тасталды, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (ТЖК, АШО, ЖПҚТ, аусыл) бойынша халықаралық мәртебелер берілді. Еуропалық одақ, Грузия, Иран, Ирак, Әзербайжан, Қытай нарықтарына жол ашылды. Екіжақты ветеринариялық сертификаттарға қол қойылды. Жапония, Корея, БАӘ, Канада және Ұлыбританияны қоса алғанда тағы 15 елге шығу бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Бұл нәтижелер жануарларды вакцинамен және диагностикумдармен қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі шараларды енгізудің арқасында мүмкін болды. Алдағы жылдары ветеринариялық зертханалардың материалдық-техникалық базасын ауқымды түрде жаңғырту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өңірлерде ауыл шаруашылығы жануарларын АШЖБ жүйесінде тіркеу мәселесі әлі де өзекті. Мал басын толық цифрландыру және эпизоотиялық жағдайды бақылау сапасын арттыру мақсатында Серік Жұманғарин АШМ-ге әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы санақтары кезінде нақты шаралары бар жол картасын жедел әзірлеуді тапсырды.

«2023 жылдан бастап Қазақстан вакцина мен диагностиканың отандық өндірісін ұлғайтуда. Отандық препараттардың үлесі 68%-дан 82%-ға дейін өсті. Елде сатып алынатын 22 вакцина атауының 18-і өзімізде шығарылады» Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин

Осы жылдан бастап зертханалық базаны жаңғырту басталды. Алдағы екі жылда Қазақстан бойынша жабдықты жаңарту толық аяқталмақ. Биыл Ұлттық ветеринария референттік орталығы мен Республикалық ветеринариялық зертхананың жабдықтары жаңартылатын болады.

Жиында ветеринариялық қызмет мамандарының мәртебесін арттыру мәселесіне де бөлек назар аударылды. Бүгінде өңірлерде 373 ветеринар дәрігердің орны бос тұр, аумақтық инспекцияларда тағы 185 вакансия бар. Бұл ретте, жиында атап өтілгендей, тіпті 1 млн теңге көлеміндегі еңбекақы да мамандарды тартуға әрдайым мүмкіндік бермей отыр.

Мамандықтың тартымдылығын арттыру үшін ветеринарлардың жалақысын көтеру көзделген. Бұған қоса, Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп кешенді шаралар әзірленуде. Олар:

  • ветеринария мамандықтары студенттерінің стипендияларын арттыру; 2026–2029 жылдары грантқа қабылдауда өту балын кезең-кезеңімен көтеру;
  • ауыл жастарына және шағын қала тұрғындарына арналған квоталарды кеңейту;
  • салалық пәндер тізбесін жаңарту және ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасын нығайту;
  • квоталанған гранттарды бөлу тәртібі мен мерзімдерін жетілдіру;
  • мемлекеттік грант есебінен оқығандар үшін ауылдық жерде кемінде 3 жыл міндетті жұмыс істеу талабын енгізу.

Фитосанитариялық қауіпсіздік

Жиында сондай-ақ шегірткеге қарсы күрес нәтижелері қаралды. 2025 жылы қорғау іс-шаралары 2,7 млн гектар аумақта жүргізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 мың гектарға аз. Жұмыстар толық аяқталды, ауыл шаруашылығы дақылдарына шегірткенің зияны тиген жоқ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -