Шымкентте гарнизонның үздік сарбаздары марапатталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шымкент қаласының Жастар сарайында гарнизонның үздік сарбаздарын ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен Ұлттық ұланның қолбасшылығы, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форум аясында Отан алдындағы әскери борышын адал өтеп жүрген сарбаздардың аналарына ерекше құрмет көрсетілді. Аналарды марапаттау рәсімін Шымкент гарнизонының бастығы подполковник Сергей Бибулатов пен «Солдат аналары комитеті – Ана жүрегі» қоғамдық ұйымының өкілі Шарифа Муминова жүргізді.
Сахна төрінде аналарды тағы бір жағымды тосынсый күтіп тұрды – түрлі әскери бөлімшелерде қызмет етіп жүрген ұлдарымен кездесу сәті ұйымдастырылды. Сарбаздарға алғыс хаттар тапсырылып, 10 күндік демалыс берілді. Көптеген аналар қуаныштан көз жасын тыя алмады.
– Мен 35748 әскери бөлімінде қызмет етемін. Бүгінгі мерекені ұйымдастырғандарға және қолбасшылыққа зор алғысымды білдіремін, – деді қатардағы сарбаз Бақдәулет Есіркеп.
Өз алғысын үлгілі сарбаз қатардағы Нұрислам Садық та жеткізді:
– Анамды көргеніме өте қуаныштымын. Бұл – өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі. Қызметімді жоғары бағалаған қолбасшылыққа рақмет.
Салтанатты шара 35748 әскери бөлімінің ән-би ансамблі, Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімі және «Яссы» ансамблінің шығармашылық ұжымдары дайындаған концертпен жалғасты.