Жаңа Салық кодексінде салықтық әкімшілендіру тәсілдері қайта қаралып, оның ішінде ҚҚС-ның артық сомасын қайтару жеңілдетіледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Енді ҚҚС-тың артық сомасын қайтарудың жеңілдетілген тәртібі барлық экспорттаушыларға қолданылатын болады. Бұл мыңнан астам салық төлеушілерге әсер етеді.
Жеңілдетілген тәртіптің мәні – тексерусіз, 15 жұмыс күні ішінде ҚҚС-ты жедел қайтару.
Жеңілдетілген тәртіпті қолданудың шарттары:
- экспорттаушыда салық органдарының орындалмаған хабарламалары болмауы тиіс;
- экспорт бойынша айналым жалпы айналымның кемінде 50%-ын құрауы қажет;
- соңғы 12 айда тексеру нәтижелері бойынша қайтарылуға жататын ҚҚС сомасы расталған болуы тиіс.
ҚҚС артық сомасын қайтару мөлшерін айқындауда салықтық тәуекелдерді басқару жүйесі қолданылады. Бұл бір жағынан тәуекелдерді азайтуға, екінші жағынан екі тараптың да талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Заңнама ҚҚС артық сомасын қайтару мөлшерін айқындауда салық органдарын шектемейді, бұл адал салық төлеушілерге ҚҚС-тың артық сомасын толық көлемде қайтаруға жол ашады.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, ҚҚС-тың артық сомасын қайтарудың жеңілдетілген тәртібін тек жекелеген санаттағы салық төлеушілер қолдана алады (ірі салық төлеушілер, өндірушілер, сондай-ақ валюталық түсімді теңгеге айырбастайтын шикізат экспорттаушылар).
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамада жеңілдетілген тәртіппен ҚҚС қайтарудың шегі белгіленген – ол салық төлеуші санатына байланысты 50-ден 80 пайызға дейінгі аралықта.
Бұл құқықты шамамен 40–50 экспорттаушы ғана пайдаланады. Ал өзгерістер енгізілгеннен кейін мұндай салық төлеушілер саны 20 еседен аса артады.
Бұдан бөлек, ҚҚС қайтару мерзімдері де қысқарады.
Атап айтқанда, ҚҚС артық сомасын жеңілдетілген тәртіппен қайтару мерзімі талап берілген күннен бастап есептеледі. Қазіргі кезде мерзім ҚҚС декларациясын тапсыру күнінен (яғни, тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен) басталады.
Тексеру нәтижелері бойынша ҚҚС артық сомасын қайтару мерзімі де 75 жұмыс күнінен 55 жұмыс күніне дейін қысқартылып, мерзімнің басталуы бір айға ертерек белгіленді. Бұл ҚҚС-тың артық сомасын 2 айға ерте қайтаруға мүмкіндік береді.
Мұндай өзгерістер экспортқа бағдарланған компаниялардың қаржылық қаражатының айналымдылығын ҚҚС-ты жедел қайтару есебінен арттыруға ықпал етеді.