Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті өз қызметінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге басымдық береді. Осы мақсатта жүйелі түрде бақылау іс-шаралары, мониторингтер және өзге де қадағалау түрлері жүргізіліп, олардың нәтижесінде құқық бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданады.
Ағымдағы жылы Департамент тарапынан 416 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді. Талдау нәтижелері көрсеткендей, анықталған бұзушылықтардың басым бөлігі қызметкерлерді үстеме жұмысқа заңсыз тартумен байланысты болған. Жұмыс берушінің тиісті жазбаша бұйрығы мен қызметкердің жазбаша келісімінсіз белгіленген жұмыс уақытынан тыс еңбек міндеттерін атқаруға тартылған 161 құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Айта кету керек, мемлекеттік қызмет саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыс атқаруы міндетті түрде өтелуге тиіс. Бұл өтемақы қосымша демалыс күндері (сағаттары) түрінде немесе мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес ақшалай түрде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, еңбек заңнамасына сәйкес, қызметкерді үстеме жұмысқа тарту тек оның жазбаша келісімімен ғана рұқсат етіледі. Департаменттің нұсқамаларына сәйкес, аталған қызметшілерге жалпы ұзақтығы 296 сағаттан асатын қосымша демалыс күндері берілді.
Жүргізілген жұмыс барысында Департамент мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану рәсіміне қатысты жүйелі заң бұзушылықтарды анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тәртіптік жаза қолдану туралы 13 актінің күші жойылып, олар заңсыз деп танылды.
Қызмет нәтижелерін бағалау негізінде көзделген бонус төлемдерінің мөлшерін негізсіз төмендету фактілері анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшінің өтінішін қарау барысында бонус мөлшерін есептеу кезінде мемлекеттік орган басшысы қағаз тасығышта жүргізілген бағалауға сүйенгені белгілі болды, бұл белгіленген нормативтік талаптарға қайшы келеді. Сонымен қатар, бағалауды ақпараттық жүйе арқылы жүргізу мүмкіндігі болған, ал оның нәтижелері, анықталғандай, әлдеқайда жоғары болған. Нәтижесінде, Департаменттің нұсқамасына сәйкес, мемлекеттік қызметшіге 325 371 теңге көлемінде қосымша бонус төлемі жүргізілді.
Мемлекеттік қызметшілерді қызметтік іссапарларға жіберу кезінде заңнама талаптарының сақталуына қатысты Департамент жүргізген талдау нәтижесінде олардың еңбек құқықтарының жүйелі түрде бұзылуы анықталды. Бұзушылықтардың басым бөлігі іссапар шығындарының толық көлемде өтелмеуімен байланысты, ал кейбір жағдайларда бюджет қаражатының болмауына байланысты төлемдер мүлдем жүргізілмеген. Департамент қабылдаған шаралардың нәтижесінде 195 мемлекеттік қызметшіге жалпы сомасы 9 475 814 теңге көлемінде іссапар шығындары өтелді.
Қолданыстағы Қағидаларда көзделген белгіленген лимиттерден асып кеткен іссапар шығындарын негізсіз өтеу фактілері де анықталды. Жүргізілген талдау нәтижесінде осындай 119 факт тіркеліп, жалпы сомасы 2 815 610 теңгені құрады. Қазіргі уақытта оның 1 229 648 теңге ерікті түрде бюджетке қайтарылды.
Сонымен қатар, Департамент жүргізген талдау нәтижесінде мемлекеттік қызметшілерге жыл сайынғы еңбек демалысы үшін ақшалай қаражаттың уақытылы төленбеуіне қатысты 43 факті анықталды. Департаменттің нұсқамасы бойынша аталған тұлғаларға төлемдердің кешіктірілуіне байланысты жалпы сомасы 59 417 мың теңгеден асатын айыппұл есептеліп, төленді.
Анықталған жүйелі мәселелер ішкі бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіруді, мемлекеттік органдар басшыларының құқықтық сауаттылығын арттыруды және еңбек заңнамасы нормаларының тиісті орындалуын қамтамасыз етуді талап етеді. Бұл бағыттағы Департаменттің жұмысы жалғасын табатын болады.
Думан Әбілев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы